Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданындағы «Умаров Н» шаруашылығының өңдеу цехын аралап, оның жұмысымен танысты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпкер тамшылатып суаруға арналған еңкіш түтік өндіру мақсатында Қытайдан арнайы құрылғыны сатып алып, 2023 жылы іске қосқан. Құрылғы сағатына 12 000 метр өнім шығара алады. Сондай-ақ компания жылыжайларға арналған пленка және жіп өндіреді. Сонымен қатар, терең өңделген полиэтилен материалдарынан банка өндіру де қолға алынған. Цехта тұрақты түрде 6 адам жұмыс істейді.
Шаруашылық басшысы Нұржан Омаров маусымдық кезеңде жылыжай кешенінде 25 адамды жұмыспен қамтитынын айтты.
Мақтаарал ауданындағы Cotton Oil Limited серіктестігі де шетелден әкелінген автоматтандырылған нысандарды орнатып, іске қосты. Кәсіпорын тәулігіне 2000 тонна қалдық өңдеуге қауқарлы.
Нұрбол Тұрашбеков ауыл шаруашылығын дамытуда инновациялардың маңыздылығын атап өтті.
Терең өңдеу технологиясы және оның шаруашылықтарға пайдасы туралы ақпаратты кеңейту керек. Заманауи талаптарға сай өнім шығару үшін технологиялық жетістіктерді ескермеуге болмайды. Бұл бағыттағы жұмысты реттей отырып, бір жүйеде нарық айналымын оңтайландыруға болады, - деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты мамандарға кәсіпкерлер мен фермерлермен келісе отырып, осы бағытта нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.