Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысы, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Амантайұлы Әлімқұлов жұмысын ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысудан бастады. Тұрғындардың жиі көтеріп жүрген баспана мәселесіне назар аударып, іс- сапармен Ленгір қаласы Үміт көшесіндегі 5 қабатты 120 пәтерлі 2 тұрғын үй алаңына арнайы барды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл көпқабатты екі тұрғын үй - жеке инвесторлар есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы отбасылары, бюджеттік мекеме қызметкерлері үшін салынуда.
Аудан басшысы Еркеғали Амантайұлы мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесіп, нысанның құрылысымен танысты.
Азаматтарды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатындағы 5 қабатты 2 тұрғын үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Заманауи тұрғын үй нысаны жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне жолығып, құрылыс жұмыстары сапалы жүргізіліп, көрсетілген мерзімде аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілу қажеттігін ескертті. Мамандарға сапасы мен жұмыс қарқынын қадағалауды тапсырды.
Айта кетерлігі, қазіргі кезде Ленгір қаласы Қапал батыр көшесі бойында 5 қабатты 3 үйдің құрылысы басталды. Мердігер мекеме «Vek Stroy Com» ЖШС –і тарапынан 60 пәтерлі және 48 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал, 48 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын мердігер мекеме «МОЛШЫЛЫҚ» ЖШС –і атқаруда. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.