Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысында Шардара ауданында 06-10 қараша күндері бокстан 2007-2008 жылы туылған және одан кіші 2009-2010 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында Түркістан облысының чемпионаты өтуде. Шаршы алаңдағы бұрымдылар бәсекесіне облыстың 13 ауданынан іріктелген 98 спортшы қатысып, мықтыларын анықтайды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шағалалы Шардара төрінде ұйымдастырылған былғары қолғап шеберлері арасындағы облыс біріншілігінің салтанатты ашылу рәсімі де жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Іс-шарада сөз алған Шардара ауданы әкімінің аппарат басшысы Жұмасұлтан Бердешов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Айдаров жарысқа қатысушы спортшыларды құттықтап, баршасына жеңіс тіледі.
Елімізде ең беделді спорт түріне баланатын бокс спорт түрі бүгінде қаракөз қыздар арасында да қарқында дамуда. Бокстан қыздар арасында Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Серік Абдулланың айтуынша жуырда Черногория елінде өткен Әлем чемпионатында түркістандық үш ару жүлдемен оралды. Осындай әлемдік додаларда ел намысы үшін сынға түсетін қыздарымыздың шеберлігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа барлық спортшылар жан-жақты дайындалып келген. Облыс біріншілігінде көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінген қыздар облыс құрамасына шақырту алып, 24-30 қараша күрдері Жезқазғанда өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатында өңір намысын қорғайды. Жеңімпаздар қарашаның 10-ы күні белгілі болады. Үздіктерге арнайы тағайындалған кубок, медаль және грамоталар табысталады.