Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы елімізде жалғасын тауып жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған жоба аясында тазалық шаралары ауданда тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Осы орайда, бүгін Төлеби ауданында кезекті жалпы аудандық сенбілік өтті. Сенбілік барысында аудан тұрғындары көше бойларын, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазартты. Елді мекендерді көгалдандыру бағытында жол жиектеріне, саябақтарға күздік ағаш бұтақтары егілді.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, тұрғындар, БАҚ өкілдерімен бірге, «Төлеби баба» саябағының аумағына көшет отырғызды.
Сенбіліктің қоғамның назарын, қала көшелерінің тазалығын сақтауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор екендігін ескерген тұрғындар өз аумақтарында жаппай тазалық шарасына қатысып, ауданды көркейтуге үлестерін қосты. Ауданның көркі мен дамуы үшін маңызды болып саналатын аталған шарада 4000 түп ағаш көшеті егілді. Жалпы сенбілік жұмыстарына 5000-нан астам азамат атсалысып, жол жиегі мен арықтарды қоқыстан тазартылып, 70 техниканың көмегімен шығарылған күл-қоқыс полигонға жеткізілді.
Сенбілік барысында аудан әкімі төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған жаңа екі техника, аудандағы мекемелерге бекітілген арнайы техникалармен танысып, сала басшыларына қысқы маусымға дайындық барысын пысықтауды тапсырды.