Bugin
Фото: Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Өңір басшысы Арман Абдуллаевтың бастамасымен ауданды көркейту, көгалдандыру, келбетті жасыл желекке айналдыру мақсатында Сарыағаш қаласының кіреберіс аумағына күзгі көшет егу жұмыстары өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
-Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданымызда дәстүрлі түрде күз және көктем мезгілдерінде тұрақты түрде ағаштар егілуде. Осы тұста, бүгін отырғызылған ағаштар, оған қоса, алдыңғы мезгілдегі егілген ағаштар жасыл желек саябаққа айналып, болашақта біздің ұрпақтарымыз біздің еккен ағаштарымызды саялайтын болады, -деді өңір басшысы.
Аталған шара барысында Сарыағаш қаласы арқылы өтетін А-15 республикалық маңызы бар автожол бойына 100 түп бозарша, 100 түп қарағаш, 100 түп сән ағаштары отырғызылды. Игі шараға аудан басшысымен бірге қызметкерлер, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен еріктілер, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді ұран еткен жерлестеріміз күзгі тал егу жұмыстарына бір кісідей атсалысты.
Сонымен қатар, аудан аумағында сенбілік жұмыстары жүргізілді. Тазалық шара барысында республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойында жинақталған бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды, арық-атыздарды тазалау,шөптерді ору жұмыстары жүргізілді. Жалпы сенбілікке 1200 адам қатысып, 3,6 тонна қоқыс шығарылып, 18 техника жұмылдырылды.
Апта сайын өткізіліп келе жатқан сенбілік шарасы тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған. Ауылдың әр тұрғыны өзі тұратын ауласын таза ұстаса, бұл олардың аудан тазалығына қосқан үлесі.