Алматы – арман қала

Алматы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тянь-Шань тауларының көз жетпес шыңдары мен Іле Алатауының баурайында ескен самал желмен сусындап тұрған тарихи қала – Алматы. Бүгінде мәңгілік махаббат мекеніне айналған, саясат пен мәдениеттің тоғысқан жерінің көрінісі болып табылатын қасиетті жердің тумасы мына мен өте бақытты жанмын! Қалам тартып, небір сұлу сөздермен көркемдеп жазсам да туған жерге деген махаббатымды жеткізе алмаспын. Алыстап кетсем жан жұтаңдығымен жалғыздық құшып, байыз таппайтындай қандай қасиеті бар бұл қаланың?!

Алматы қаласының тарихы сонау Х ғасырдан бастау алады. Содан бері талай-талай қиындықтардан өтіп, тар жол, тайғақ кешіп, уақыттың тезімен көркейіп, түрленді. Елдігіміздің бесігіне айналған қала тарихи орындар мен оқиғаларға бай. Мысалы, аты әлемге әйгілі Медеу мұз айдыны, бірде-бір шегесіз салынған Қасиетті Вознесенский православтық шіркеуі, басты құндылықтарының бірі – Көктөбе, одан қала берді Алма-арасан, Шымбұлақ сияқты белсенді демалыс орындары бар.

Мәдени әрі рухани бай «Қазақ драма театры», «Абай атындағы опера және балет театры», «Қазақ мемлекеттік филармониялары»-да әсем қалаға көрік беріп тұр. Қала сәулеті көптеген саябақтар мен музейлермен толыққан. Мысалы, «Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі», «Алғашқы Президент саябағы», «28 Панфиловшылар саябағы». Жылына мыңдаған туристтерге осы бір әдемілікті өз көздерімен көру үшін теңіз асып немесе мыңдаған шақырымдарды артқа тастауларына тура келеді. Айтқандай-ақ, Алматы дегенде 15 жылдық тарихы бар жоба «Алматы – алғашқы махаббатым менің!» еріксіз ойға оралады. Бар жақсы-жайсаңдар мен таланттыларды өз жанына жиған жоба - мыңдаған жүректерді жаулап, жас әртістер үшін маңызды қадамдардың бірі болса, тұрғындар үшін өткенді еске түсіруге таптырмайтын құрал болды. Қазіргі таңда да Алматының аты аталған жерде аталмыш жоба қатар айтылады.

Қазақта «Ат айналып қазығын табады» деген мақал бар емес пе? Осы сөздер өз Отанын қайта тапқан Алматы апорттарына қарасты айтылғандай. Олай дейтінім, бар әлемді шарлап шығып, өз қазығын тапқан қала мақтанышы көпті таңғалдырған болатын. Тау баурайынының барлығы апорт пен түрлі жемістерге толы. Бұл – табиғаттың үлкен сыйы болса керек!

Алматымды, сүйікті қаламды көргенде тарихтың тамырын дөп басып, тамыршыдай тамырының соғуын сезгендей боламын. Себебі, Алматы ұлы зиялыларды өмірге алып келген, дүниежүзілік таным дәрежесіне көтерілген, көптеген тарихи кезеңдердің куәсі болған жер. Оған асқаралы Іле Алатауы қарттың өзі бата беріп, жол сілтеп тұрғандай көрінеді.

Менің әрбір үніме үзіле үндескен демі мен әрбір көзқарасыма сыйлаған сәттері үшін, маған әрдайым есігін айқара ашқаны үшін де Алматыға деген махаббатым шексіз! Құрбыларыммен көңіл көтеріп, Қазақ Ұлттық Унивеситетінде білім алып жатқандығым үшін, арайлап атқан таңым мен қызарып батқан кешім үшін Алматыны құлай сүйемін! Әлемнің алпауыт қалалары құшағын ашып, күтсе де туған жерімдей жан рахатын, жанымның жалғыз серігі – шығармашылығыма тың тақырып, арманыма қанат бітіре алмайды. Ал менің қалам Алматым тіршіліктің тұнығына, өмірдің қызығына ұмтылған маған әлемдегі жақсылықтың барлығын сыйлай алады. Өйткені, бұл туған жерім, ата-анам өмір сүріп, менің тұлға болып қалыптасқан атамекенім.