Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентаудағы №5 Жылу энерго орталығына барып, жылу беру барысымен және қазандықтарды жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мердігер мен осы салаға жауапты басшылардың, қала әкімінің осы бағыттағы есебін, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тиісті тапсырмалар берді.
– Кентаудағы жылыту маусымы еш кедергісіз әрі кемшіліксіз өтуі тиіс. Қазандықтардың жұмысын күндіз-түні қадағалап, тиісті жұмысты жүргізіңіздер. Ал құрылысы жүріп жатқан қазандықтар уақтылы әрі сапалы аяқталуы қажет. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр. Тұрғындардың қыстан қымтырылмай шығуына барлық жағдай жасалуы керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Бүгінде Кентау қаласының №5 Жылу энерго орталығындағы жөндеу жұмыстары күнделікті қадағалануда. Қазіргі таңда 2 қазандықтың жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Сондай-ақ №8, 9, 10 және 11 қазандықтардың құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылған. Қазір кешенді сынақ жұмыстары жүргізілуде. Ал, желтоқсан айының соңына дейін №7, 12 қазандықтарда жүргізіліп жатқан жұмыстарды аяқтап, іске қосу жоспарланып отыр.