Bugin
Фото: Bugin.kz
2024 жылы қарашаның 11-12 күндері Алматы қаласында түркітілдес елдер арасындағы медиа мен туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында IV Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумы өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
“TURKTIME: Түркі Елдерінің Медиа және Туризм Бірлігі” тақырыбында өткен форумда түркі елдеріндегі медиа және туризм индустриясын дамыту мақсатында бірқатар маңызды тақырыптар талқыланды. Медиа форумды “Түркітілдес журналистер қоры” қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы ашты. Форумға еліміздің әр аймағынан келген БАҚ өкілдері және Түркия, Өзбекстан, Германия, Ұлыбританиядан үздік спикерлер қатысты. Спикерлер Ахмет Тузун Түркі елдеріндегі спорт туризмі туралы хабардар етсе, Ақтоты Райымқұлова Түркі әлемінің мәдени құндылықтары туралы кеңінен әңгімеледі. Ал Өзбекстаннан келген Нұрлан Усманов Өзбекстан туризмінің даму келешегі жөнінде қызықты ақпараттарды жеткізді.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіпте шара төрінен табылды.
“Ордалы жиынға қош келдіңіздер!
10 жылдың ішінде істеген жұмыстар ауқымды. Түркітілдес қауымдастықтың талқылайтын тақырыбы ортақ. Бүгінгі күн тәртібінде осының бәрін айтамыз. Осы шараға қатысушыларды құттықтаймын”, - деді Нұртөре Жүсіп.
Шарада туризм саласында PR мен маркетингті қолдану, әлеуметтік медиа мен инфлюенсер-маркетинг, аймақтық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ жасанды интеллект пен жаңа форматтардың медиадағы рөлі туралы сөз қозғалды.
Форум аясында “Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ ұйымдастырған “Туған жерім – тұғырым” атты жас журналистер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ “Шеврон” компаниясының қолдауымен өткен “Әлеумет – қоғам айнасы” - 2024 және “Еркін сөз” - 2024 байқауының жеңімпаздарына сыйлықтар табысталды. 2024 жылғы "Еркін сөз" байқауының жеңімпаздары:
Жеңімпаздар диплом және 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.
Форум аясында БАҚ өкілдеріне арналған семинар-тренингтер өткізілді. Бұл шаралар қатысушыларға тәжірибе алмасу, кәсіби біліктіліктерін арттыру және жаңа тенденциялармен танысуға мүмкіндік берді.
Форум түркітілдес елдер арасында медиа және туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге арналған маңызды шара болды.