Bugin
Фото: freepik.com
Енді қазақстандықтар "Келешек" жинақтау жүйесі арқылы балаларының оқуына қаражат жинай алады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Елімізде “Келешек” бағдарламасына қатысатын әрбір ата-анаға банктерде немесе өмірді сақтандыру компаниясында кез келген жастағы баласының атына шот ашуға құқығы беріледі.
"5 жасқа толған балалардың шотына мемлекет бюджеттен 60 АЕК, жетім балаларға 120 АЕК мөлшерінде біржолғы бастапқы білім беру капиталын береді. Ата-аналар үшін баланың шотына жыл сайынғы ең төменгі жарна талаптары бар. Ол әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін – 12 АЕК және қалғандарына – 24 АЕК. Жинақ барлық бала үшін 5 пайыз, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін 7 пайыз. Сондай-ақ банктің немесе сақтандыру компаниясының белгіленген табыс көлемі үшін жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы алады", - делінген Мәжіліс ұсынған мәліметте.
Ең төменгі жылдық жарнаға қойылатын талаптар бұзылған жағдайда бастапқы білім беру капиталы бюджетке қайтарылуға тиіс. Жиналған қаражатты елде немесе шетелде білім алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға болады.