Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “BASTAU TALKS” қоғамдық лекциясы аясында 2021 жылы Мәскеуде бокстан әскерилер арасында өткен Әлем чемпионатында алтын медаль иегері. 2023 жылы халықаралық «Elorda Cup» турнирінің чемпионы Абзал Құттыбеков Қазығұрт ауданының жастарымен кездесті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу мақсаты – жас буынға салауатты өмір салтын насихаттау, олардың бойына табандылық, жігер, мақсатқа ұмтылу сияқты қасиеттерді дарыту. Жастардың спортқа деген қызығушылығын, сонымен қатар, дүниетанымы, өзіндік көзқарасы қалыптасқан саналы азамат етіп тәрбиелеу, өз елінің дамуына үлес қосу арқылы отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Абзал Құттыбеков жастармен кездесуінде спорттағы жетістіктерге жетудің маңыздылығы мен оған жету жолындағы қажырлы еңбек жайлы айтып берді. Ол Мәскеуде өткен Әлем чемпионатында әскерилер арасында алтын медаль иегері атанған сәті мен 2023 жылы «Elorda Cup» турнирінде 86 келі салмақта чемпион болу жолындағы қиындықтарын мысалға келтірді. Абзал табысқа жету үшін табандылықтың, тәртіптің және үздіксіз еңбектенудің қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ол өз жолында көптеген қиындықтарды жеңіп, өзіне деген сенімділікті қалыптастырғанын, сол арқылы жетістікке қол жеткізгенін айтты. Сонымен қатар, ол ел намысын қорғаудың үлкен жауапкершілік екенін айтып, жастарды өз армандарына жету жолында батыл болуға және ешқашан берілмеуге үндеді.
Жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің “БАҚ пен қоғаммен байланыс” бөлімінің басшысы Қайрат Ақтөре Мейіржанұлы модераторлық етті.
“BASTAU TALKS” қоғамдық лекциясы – жастар үшін ерекше мүмкіндік. Бұл жоба әр түрлі салада жетістікке жеткен кәсіби мамандарды, талантты жастарды және белсенді қоғам қайраткерлерін жинап, жастардың білім мен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Олардың өмірлік тәжірибесі мен жетістікке жету жолын жастарға үлгі ете отырып, мотивация беріп, дамыту, тың ақпарат алуға бағытталған.