Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Бүгін Түркістан облысы, Созақ аудандық мәслихатының кезектен тыс сессия отырысы өтіп, ауданның әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды шаралар талқыланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен олардың шешілу барысына тоқталып, жыл соңына дейін атқарылатын істер жөнінде кеңінен әңгімеледі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Жыл соңына дейін ауданға қажетті жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар жеткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, “Созақ сәулет” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансына LONKING доңғалақты тиегіш, Shacman 6x4 аударғыш жүк машинасы, DongFeng негізіндегі ассенизатор, Шынжыр табанды Shantui бульдозер, КАМАЗ 65115 аралас жол машинасы (суару, жуу, қар тазалағыш), сондай-ақ КАМАЗ-43253 қоқыс тасығыш және CAMAZ 53605 артқы жүк көлігі мен тиегіш экскаватор алынбақ. Бұл жаңашылдықтар ауданның инфрақұрылымын жақсартуға және коммуналдық қызметтерді тиімді көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, барлық 12 кент және ауылдық округтерге Беларус-922,3 маркалы тракторлар жүк салғыш және жетегімен қоса жеткізіліп, “Шолаққорған-Су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қажетті JCB 3CX маркалы тиегіш экскаватор, жүк көтергіш машина мен тазартқыш ассенизатор машинасы да алынатын болады. Сонымен қатар, тасымалдауға арналған Газел Next автокөлігі мен тізбекті экскаватор да ауданның шаруашылық жұмыстарына қолдау көрсететін болады.
Ауданды кешенді дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында да бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Бірқатар ауылдық округтерде жабық үлгідегі кіші футбол алаңы мен мал тоғытуға арналған нысандар салу үшін сметалық құжаттамалар әзірленіп, 100 пайызға көше жарықшамдарымен қамту жұмысы да қолға алынып отыр.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы өз сөзінде:
«Біздің басты мақсатымыз – аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және жергілікті басқарудың тиімділігін күшейту. Осы бағытта жұмысымызды жалғастырып, әрбір азаматтың қажеттіліктерін ескеріп, бірге даму жолында аянбай еңбек етеміз», – деді.