Bugin
Фото: Келес ауданы әкімдігі
Түркістан облысында журналистер ұлықталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының көшпелі отырысы Келес ауданында жалғасын тапты. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Түркістан өңірінің белгілі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қабылдап, жергілікті БАҚ-пен тығыз байланыста екенін атап өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Аудан әкімінің қабылдауында Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Мәлік Жұмаханұлы, “DIDARBEK” ақпараттық порталының басшысы, журналист, қоғам белсендісі Әсет Әссанди, жас ақын, “Түркістан” газетінің тілшісі Дәурен Тілеухан, журналист Мақсұт Айтжанов қатысты.
Түркістан облысының аудандарында ақпарат құралдары өкілдерімен тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылатын көшпелі жиында Түркістан облыстық филиалы тарапынан жүзеге асатын бірнеше жобаларды таныстырды. Атап айтқанда Медиасауаттылықты арттыру барысындағы БАҚ өкілдерінің рөлі, ақпарат саласында қызмет етіп жүрген журналистердің біліктілігін арттыруға байланысты ұсынымдар, ақпаратты тартуда дәстүрлі БАҚ пен медиа кеңістіктегі заманауи тәсілдерді ұштастыру, бәсекелестікке бейімделу барысы туралы мәселелер талқыланды.
Өз кезегінде аудан басшысы Жәнібек Есенұлы ақпарат саласы - қоғамдық пікір қалыптастыратын, қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін маңызды сала екендігіне тоқталып, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының жұмысына табыс тіледі және қолға алған бастамаларымызға қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.