Bugin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ ДАМЫТУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТТІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Келес ауданы әкімдігі

Президент әкімшілігінің бекіткен жоспарына сәйкес, Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында акция өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде «Таза көше, таза аула, ағаш егу» акциясы өтті. 

Ең алдымен кенттің орталық алаңында аудандық полиция бөлімі, 2037 әскери бөлімі, дербес бөлімдер, жалпы кенттегі аумақтық мекемелер мен кент әкімшілігінің қызметкерлері, жалпы мемлекеттік қызметкерлер және дербес бөлімдерге қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, мектептер, балабақшалардың қызметкерлерлері, қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділері, кент тұрғындарының қатысуымен мерекелік іс-шара өтті. Аудан әкімі Бақыт Асанов жиында сөз сөйлеп, бұл іс-шараны «тазалық мерекесі» деп атады. 

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бағдарлама аясында бүгін аудан орталығы Мырзакент кентінде ауқымды сенбілік жұмыстарын өткізудеміз. Қоршаған ортаның тазалығына сол жердің әрбір тұрғыны жауапты. Сондықтан, бұл іс-шараның тәрбиелік маңызы да зор. Бүгінгі іс-шараны «тазалық мерекесі» деп атасақ та болады. Туған жерімізді, тұрып жатқан өңірімізді таза ұстауға, тал егіп, жасыл аймаққа айналдыруға баршаңызды шақырамын!» - деді, Бақыт Насырханұлы. 

Жалпы Мырзакент кентінде өткен тазалық жұмыстарына 17 техника тартылып, 2 мың дана қара ағаш түптері егілді. 3000-ға жуық адам қатысқан шараға ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңғаров Сейітбек тек келіп, өз үлесін қосты.

«Осы ауылдың ақсақалы ретінде біз де бүгін келіп, жастарға үлгі болайық деп шештік. Экологияны қорғау, жас ұрпақты туған жеріне тазалыққа баулу - біздің міндетіміз. Бүгін еккен жас тал ертеңгі күні саялы баққа айналып, ауылымызға көрік береді. Президентіміздің «Таза Қазақстан» бағдарламасы - туған жерімізді аялауға, тұрғындарға экологиялық мәдениетті үйретуге бағытталған кешенді бағдарлама деп ойлаймын», деген ақсақал бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табу керектігін айтты.

Тазалық жұмыстары барысында саябақтар мен скверлер, ішкі көшелер мен аяқжолдар, стадиондар мен спорт алаңшаларының аумағы жабайы шөптерден тазартылды. Аялдамаларға әктеу-сырлау жұмыстары атқарылып, билбордтар және жарықшам бағаналарына бояу жағылды. Көпірлер мен арық-атыздардың, каналдардың арналары ретке келтірілді. А-15 автожолының Мырзакентке кіреберіс бөлігіне аудан басшысының қатысуымен көшет егу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың ішкі және іргелес аумақтары да тазартылды.