Bugin
Фото: Мақтаарал ауданы әкімдігі
Түркістан облысы Мақтаарал кеңшерының 100 жылдығы атап өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1924 жылы 1 қарашада Мырзашөл өңірінің темір қазығы болып ең бірінші «Мақтаарал» кеңшары құрылған болатын. Еліміздегі алғашқы тұқым шаруашылығы болып құрылған кеңшар мақта шаруашылығымен айналысатын аймақтарды – Орта Азия, Закавказье, Поволжье және бірқатар аудандарды элиталық тұқымдармен қамтамасыз ету міндеті тұрды.
Әрине, бетпақдала бойынан канал қазып, ағынды су әкелу, күн сүйген шуақты өлкеде аса бағалы дақыл – мақта өсіру, шөлді шүлен етіп, өңірді жазиралы аймаққа айналдыру оңайға соққан жоқ. Бұл игілікті істе қаншама азаматтарлың ерлік күресі, қайтпас қайсарлығы мен мұқалмас жігері жатыр. Сондай-ақ, көпұлтты тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымағы, еңбекке деген сүйіспеншіліктері кеңшарды үлкен жетістіктерге бастады. Міне, биыл мырза далада алғаш отау тігіп, шаңырақ көтерген, атақ-даңқымен бүкіл әлемге танылған қазақ мақтасының қарлығашы – «Мақтаарал» кеңшарына 100 жыл толып отыр.
9-қараша күні Мақтаарал ауданында кеңшардың ғасырлық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Ең алдымен Атакент кентіндегі «Достық» мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, аудан әкімі Бақыт Асанов мақтааралдықтарды мерейтоймен құттықтап, осы кеңшарға еңбегі сіңген азаматтарды мерекелік төсбелгімен марапаттады. Қалың көрерменге кеңшар туралы арнайы дайындалған деректі фильм көрсетілді.
«Біздер өткен тарихымызды еске алу арқылы ерлік пен еңбекке толы ата-бабаларымыздың күрес жолын жас ұрпақ жадында мәңгілік қалдыру – азаматтық парызымыз екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан да, қазақ мақтасының тұңғышы «Мақтаарал» кеңшарының ғасырлық мерейтойын атап өтудің тәрбиелік мәні мен маңызы зор деп ойлаймын. Киелі қарашаңырағымыздың 100 жылдығы құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасына амандық, құт-береке тілеймін!» - деді, Бақыт Насырханұлы.
Мұнан соң іс-шараға қатысушылар мен қонақтар «Қазақ мақта тарихы» музейіне және «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы» ЖШС-на саяхат жасап, қазақ мақтасының тарихымен кеңінен танысты.
Тарих тереңіне үңілсек, кеңшардың қаз басып қалыптасуына, қарыштап дамуы тарихында алғашқы директоры Александр Орловтың еңбегі ерен болды. Бүкіл дерлік жұмысын тек егістік басында өткізген директор 3 жылдың ішінде кеңшардың техникасын молайтып, ирригациялық жүйелерді қалыптастырды. Жылдар өтіп кеңшардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарқынды түрде дамып, Орта Азия мен Кавказды таза сұрыпты, жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етті. 1927 жылы кеңшар аумағында мақта тәжірибе станциясы құрылды. 1939 жылы ұжымға одақтық дәрежедегі үлгілі оқу-тәжірибелік кеңшар атағы берілді. Оның жанынан бүкілодақтық мақта өңдеу машиналар станциясының филиалы ашылды. Мақта өсірудің шеберіне айналған кеңшардан тоғыз Еңбек Ері шықты. 1958 жылы Шымкент ауылшаруашылық техникумы кеңшардың Дзержинский атындағы бөлімшесіне көшірілді. Әуелгіде дербес оқу орны болған техникум 1965 жылы кеңшармен біріктірілді.
Бұл кеңшар ғажайып өндіріс құрылымына айналып, қилы-қилы шежірелі жолдардан өтіп, одақ көлемінде мақта өсірудің көшбасшысы атанды. Әрине, Мақтаарал ауданының құрылуы да осы «Мақтаарал» кеңшарының құрылуымен тікелей байланысты. Тіпті, қара шаңырақтан енші алып алғашында Киров, кейіннен Асықата, Ильич, Жетісай аудандары бой көтерді. Бүгінде Мақтаарал ауданының өзінде 8 мыңнан аса шаруа қожалықтар жұмыс істеп, 61 мың гектардан аса егістік алқапты игеріп отыр. Аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен стратегиялық маңызы бар мақта дақылын өсіру жалғасын тауып, ауданда мақта-тоқыма кластерін дамытуда 2024-2030 жылға дейін жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Айта кетейік, «Мақтаарал» кеңшарының 100 жылдық мерейтойы барысында мыңға жуық адамға ас беріліп, ұлттық спортымыз көкпар ұйымдастырылды.