Bugin

Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Мемлекет басшысы форумның елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, тың игеру науқанының түрлі салдары болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі астықты елдердің біріне айналды.

Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде, диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендегенін, ал ұлттық экономиканың өсімі биылғы қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асқанын жеткізді.

Жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, Қарағанды облысында катодты мыс, Павлодар облысында ферроқорытпа, Қостанай облысында жүк көліктерінің бөлшектері, Жамбыл облысында цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта Алматы облысында вольфрам кенін қайта өңдеу, Қостанай облысында Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру, Жамбыл облысында мыс концентраты, Алматы облысында жылу оқшаулағыш материалдары және Шымкент қаласында қыш тақталары өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен «жасыл» сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.