Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Бүгін Түркістан облысы, Түлкібас ауданында халықтың аяулы перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, айбынды көшбасшы, түркі тілдес халықтарының бірігуіне ұйытқы болған Тұрар Рысқұловтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Салтанатты жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін біз мемлекеттің қалыптасуы, ұлттық тұтастықтың негізін қалаған мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған шарада бас қосып отырмыз. Мерейтой құрметіне көрнекті қоғам қайраткері, дарынды көшбасшыға арналған бірқатар мазмұнды іс-шара өтті. Күні кеше облыс орталығында өткен ауқымды шараға арнайы келген шетелдік ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Тұрартанушы тұлғалар осы тақырып төңірегінде жаңа ізденістері мен тың мағлұматтармен бөлісті. Бүгінгі жиында да Тұрардың есімін одан әрі насихаттау, еңбектерін ұрпақ санасына сіңіру бағытында ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін. Осы орайда, кешегі Түркістан қаласында өткен конференцияға бастамашы болып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан баршаңызға облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деген Бейсенбай Дәулетұлы Тұрар Рысқұловты ұлықтау мақсатындағы шараға жолдаған облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын табыстады.
Игі шараға Қазақстанның «Халық қаһарманы» Сәт Тоқпақбаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы, академик, экономика ғылымының докторы Оразалы Сәбден, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Алаштанушы-ғалым Гүлбану Жүгенбаева, зерттеуші-ғалым,жазушы, тұрартанушы Мұхтар Қазыбек, Ұлы тұлға Т.Рысқұловтың немересі Аделя Рысқұлова, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сынды ел ағалары, зиялы қауым өкілдері мен тарихшы-ғалымдар және аудан тұрғындары қатысып жатыр.
Күні кеше киелі Түркістанда «Тұрар және Түркістан идеясы» тақырыбындағы ғылыми конференциямен бастау алса, бүгін Түлкібас ауданында ауқымды іс-шаралармен жалғасын табуда.
Іс-шара Тұрар бабаның ескерткішіне тағзым етуден басталды. Содан соң қонақтар айналасын көгалдандыруға атсалысып, ағаш екті. Әрі қарай аудан орталығында жалғасын тапты. Ұлы тұлғаның есімі берілген аудандық тарихи-өлкетану музейінде кітап көрмесі мен жәдігерлер таныстырылды. Тұрар Рысқұловтың немересі Аделя Рысқұлова музей қорына құнды жәдігер табыстады.
Аудандық мәдениет үйіндегі шарада біртуар азамат туралы арнайы дайындалған фильмнің үзіндісі көрсетілді. Сонымен қатар «Ұлы дала перзенті Тұрар Рысқұлов» атты кітабының тұсауы кесілді. Патриоттық әндер шырқалып, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков пен айтыстың ақтаңгері Біржан Байтуов арнау айтты.
Әрі қарай орталық саябақта тігілген киіз үйлерде ас беріліп, ұлттық ойындар ұлықталмақ. Мазмұнды іс-шаралар легі сағат 17:00-де эстрада жұлдыздары мен облыс, аудан өнерпаздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен түйінделеді.
Айта кетейік, Тұрар Рысқұлов өз халқын ашаршылықтан құтқарып, тәуелсіз ел болуын қалады. Түркі тілдес халықтарының бірігуін аңсап, ауыл шаруашылығы, білім, баспасөз, коммуналдық шарушылық, ғылым, тарих, сыртқы байланыс, экономика салаларында көптеген бастама көтеріп, даму жоспарларын жасады. Бір Түлкібас ауданының өзін алатын болсақ, Тұрар Рысқұловтың ұйытқы болуымен 1926 жылы 14 шілдеде «Ақсу-Жабағылы» қорығы, 1925 жылы Түлкібас әк зауыты, 1927 жылы Түлкібас теміржолы салынды. Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығына орай Түлкібас ауданының орталығына, орталық көшеге, аудандық мұражайға Тұрар Рысқұловтың есімі берілді. Сол сияқты «Жанкент» шағын ауданындағы «Тұңғыш Президент» саябағына ескерткіш, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолының бойына, Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің маңына, аудан әкімшілігің алдына көрнекті ескерткіштері орнатылды.