Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысы, Жетісай ауданының орталығында Жетісай қаласының 55 жылдығы аясында мерекелік іс-шара өтті. Жиынға арнайы аудан әкімі Серік Мамытов қатысып, аймақтағы үздік шаруаларды марапаттады. «Жеңіс» алаңында ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерінің өндірген өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Сондай-ақ, алаңда ұлттық тағамдар дайындалып, аудан тұрғындарына ұсынылды. Қаланың 55 жылдығына орай, 55 метрлік кәуап пен 55 сантиметрлік самса дайындалып, шаһар тұрғындары мен қонақтарына таратылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, ауданда «JETISAI KITAPFest – 2024» кітап көрме-жәрмеңкесі болып өтті. Жәрмеңкеде «QAZYNA», «ОТБАСЫ хрестоматиясы», «Olja Peak», «MARFU book», «MAZMUNDAMA», «Qasym kitaphanasy», «KitapAl», «Steppe&world», «Ziyat», «KAZAKH CONTENT» секілді Алматы қаласынан шақырылған 10 баспа 15 мыңнан астам түрлі жанрларда жазылған кітаптарды көпшілік назарына ұсынды. Бұдан бөлек, ұлттық спортты дәріптеу және бұқаралық спортқа деген жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру, садақ ату, қошқар көтеру сынды спорт түрлерінен жарыс өтті.
Бұдан өзге, орталық саябақта жасөспірімдер арасында кіші футболдан ауданның ашық біріншілігі мен «Алыптар сайысы» өтті. Ауданда тұңғыш рет өткізілген байрақты бәсекеге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Азамат Мақұлбеков қонақ ретінде арнайы қатысты.