Bugin
Фото: Видеодан алынған скриншот
Ақтауда мекемелердің бірінің алдында ер адамның қызды ұрып-соғу сәті камераға түсіп қалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Видеоны мына сілтемеден көре аласыз.
Видеожазбадан ер адамның қызды бетінен ұрғанын көруге болады. Қысқаша бір ауыз сөзден кейін ер адам тағы да қыздың бетінен ұрып, құлатады.
Айналадағы жігіттер араша түспек болады. Алайда олар оқиғаға араласпаған. Қызды қорғауға тырысқандарымен, нәтижесіз болды.
Зардап шеккен қыз өз парақшасында оқиғаның фото және видео дәлелдерін жариялады. Кадрлардан оның денесінде және бетінде көптеген көгерген іздер бар екені көрінеді. Жазба авторының айтуынша, камераға түсіп қалған ер адамның оған қол көтерген алғашқы жағдайы емес. Бұған дейін де ол қызды басқа мекемеде ұрып-соққан.
“Мен бұл мәселелерді ұзақ уақыт бойы тіпті анама да айтқан жоқпын, өйткені мен бәріне шыдадым. Мен ең алдымен оны, оның ата-анасын аяйтынмын. Жаздан бері маған арыз жазу керек екенін айтқан адамдар болды, бірақ мен оны соңына дейін кешіріп, аяп келдім. Мен әрдайым оның анасын ойлайтынмын, ұлының мұндай әрекетін білгенде оған қалай болатынын уайымдайтынмын. Бірақ мұның бәрі өзіме кері әсерін тигізді”, – деп жазады зардап шегуші.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді.
“Патрульдік экипаж бұзақылық әрекеттерді тоқтатты. Оқиғаға қатысушылар анықталып, полицияға жеткізілді. Денеге жеңіл жарақат салу дерегі бойынша соталды тергеу басталды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады ведомство.