Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың көктемінен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алып, республикамыздың барша өңірлерінде жыл бойында қарқынды тазалық шаралары жасалуда. Әсіресе, Киелі Қазығұрт өңірінде бұндай тазалық жұмыстары тұрақты түрде қоғаммен бірге жасалынып келеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тазалық – денсаулық кепілі. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті.
Бүгінгі күні де әдеттегідей Қазығұртта жалпыаудандық сенбілік өткізілді. Сенбілік барысында аудан тұрғындары белсенді тазалық жұмыстарын жүргізді. Таңсәріден аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың бастамасымен барша ауыл округтерде мемлекеттік орган қызметкерлері, қоғамдық қызметкерлер, аудан жастары, еріктілер тобы мен аудан тұрғындары тазалық жұмыстарына шықты. Жалпыаудандық сенбілікте республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың бойын, елді мекендердің ішкі жолдарының бойын, мекемелердің аулаларын, саябақтар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту, күзгі көшет отырғызу жұмыстарын жүргізу, жасыл аймақтардағы және көше бойындағы ағаш көшеттерін бұтау, арық-атыздарды тазалау секілді жұмыстар атқарылды.
Тазалық жұмыстарына аудан бойынша 1500-ге жуық адам, 10-нан астам техника жұмылдырылды. Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы аудан орталығында жүргізіліп жатқан сенбілік жұмыстары барысын аралап көріп:
- Мұның баршасы “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар. Сондықтан, барша тұрғындарды ауданымыздың көркеюі үшін республикалық тазалық акциясына белсене қатысуға шақырамын, - деп сенбілікке белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтып, тұрғындарға үндеу жасады.
Бұл бағыттағы жұмыстар Қазығұрт ауданында алдағы уақытта да қарқын алып, өз жалғасын табатын болады.