Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ордабасы ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжілістің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлердің орындалуы туралы аудан әкімінің орынбасарлары Қ.Сейітқұл, О.Болатханұлы, М. Ақмұратов баяндады. Екінші мәселе бойынша бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Сихымбаева, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ғ.Нұрымбетов баяндама жасады. Қосымша мәселелер бойынша тиісті сала басшылары хабарлап өтті.
Азат Оралбаев:
- Жылдың соңы жақындап келеді белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін кез-келген мәселенің алдын-алу шараларын жүйелі жүргізу қажет. Жұмыс нәтижесін бермесе, демек жаңа бағыттар керек. Сіздер тек тапсырмалардың орындалуын баяндаумен шектеліп келесіздер. Жұмысты оңтайландырудың жаңа бағыттарын неге ұсынбайсыздар? Кемшіліктер белгілі, оларды болдырмаудың жолы қандай? Аудан бойынша қай жерде не орындалғанын, қалай атқарылғанын күнделікті өзім де аралап көріп жүрмін. Уақыт - босаңсуды, халық еркелікті көтермейтінін ұмытпаңыздар, - деді өз сөзінде.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы орынбасарларына жауапты салалары бойынша жұмысты күшейтуді тапсырып, жіберілген кемшіліктерді нақты атап өтті және тез арада жұмыс жасауды тапсырды.