Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Нашақорлық - қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл - болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Қазіргі таңда бұндай індетпен қоғам болып күресіп, жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру – өте өзекті іс болып тұр. Осыған байланысты бүгін Ордабасы ауданында «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында жиын болып өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарды нашақорлықтың зияны туралы хабардар ету, олардың бойында салауатты өмір салтына деген ынтаны күшейту және бұл дерттің алдын алудың жолдарын қарастыру.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, аудан прокурорының орынбасары Ерлан Мұсаев, ауданның полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Руслан Мейірбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева, «Игілік» қоғамдық қорының негізін қалаушы Қайрат Дәрібаев және барлық қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, учаскелік полициялар, мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және жастар қатысты.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов бұл мәселе тек Қазақстанды ғана емес әлем елдерін алаңдатып отырғанын атап өтті.
«Есірткі жастарымыздың білім алу, жұмыс істеу қабілеті мен еңбекке деген құштарлығын бәсеңдетеді. Ол уақыт өткен сайын тәуелділікке әкеліп соқтырады. Ал, тәуелділіктің соңы айтпаса да белгілі. Сондықтан, өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден қоғам, ел болып арылуымыз керек. Бүгінгі жиындада айтылатын пікірлер мен ұсыныстардың барлығы болашақта есірткіге қарсы күресті күшейтуге, жастардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға ықпал етеді деп сенемін. Сондықтан да, есірткіге «жоқ» деп айтайық және салауатты өмір салтын қолдайық!» - деді, Мейрамбек Жәмәділұлы.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Дәурен Жүрсінбаев сөзге шықты. Сонымен қатар, Ордабасы аудандық ауруханасының дәрігер нарколог-дәрігері Манас Сүлейменов нашақорлық туралы өз ой-пікірлерін айтты.
Айта кетейік, мемлекетіміз нашақорлыққа қарсы күресте үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Заңнамалық тұрғыдан қатаң шаралар қабылданып, құқық қорғау органдары есірткі саудасына тосқауыл қоюда үлкен күш салуда. Ордабасы ауданында да нашақорлыққа қарсы көптеген спорттық, мәдени және ақпараттық іс-шаралар өтуде.