Weekend
Алтын үшін бәрін істеуге дайын
«Дидар» газетінің жазуынша, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаты Қуаныш Сүлейменов сақ қорғандарын қорғап, мәселе көтеріпті. Оның айтуынша, қазір Оңтүстік Қазақстан облысынан келген жер қойнауын пайдаланушылар мен жергілікті жерді пайдаланушылар арасында осыған байланысты үлкен дау туындап, тіпті тараптар соттасып жатқан секілді.
«Дауға басты себеп, біздің заманымызға дейінгі 7-8 ғасырларға тиесілі археологиялық ескерткіштер болып отыр. Ол жерде ұзын саны 24 сақ дәуірінің қорғаны бар. Егер билік өкілдері дер уақытында араласып, тоқтау салмаса, жер қойнауын пайдаланушылар, яғни өңірден алтын іздеуші компаниялар алдағы уақытта оларды сүріп тастауы әбден мүмкін. Ондай болса, ғасырлар қойнауынан бізге жеткен мол тарихи мұрамыздан бір-ақ күнде айырыламыз» депті депутат.
Мақалада облыс басшылығынан, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасынан, облыстық жер қатынастары басқармасынан, Жарма ауданы әкімдігі мен өзге де құзырлы орындардан осы жайды жеткізіп, қорғандардың сол қалпында сақталып қалуына шұғыл әрекет жасаулары сұралады. Айта кетерлігі, бұл қорымдарды кезінде елімізге белгілі археолог, профессор Әбдеш Төлеубаев ашқан екен. Қазіргі уақытта қорымдарды мемлекеттік тіркеуге алу үшін қажетті құжаттары реттелуде.
Дереккөз: Қазақ үні