Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Мақтааралда 2008-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық «Ауыл барысы» турнирінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Турнирдің салтанатты рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысты.
«Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен өтіп жатқан турнир ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық қазақ күресін көтеру және жастарды спортқа тарту мақсатында өтіп жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Бүгінде спорт және дене шынықтыруды дамыту – мемлекеттік ауқымдағы маңызды бағыт. Мықты және өмірге құштар жас ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан бүгінгі жарысты ұйымдастырған «Ауыл» партиясының басшылығына алғысымды білдіремін. Турнирге қатысушы жас балуандарымызға сәттілік тілеймін! Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары ұлғая берсін! – деді Ертай Кенжебекұлы.
2 күнге созылатын жарысқа Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, Шымкент қаласынан және Түркістан облысының қала, аудандарынан 300-ге жуық балуан өз бақтарын сынауға келіп отыр. Жарысқа қатысушылар 35, 38, 42, 46, 50, 55, +55 және +60 кг (Түйе палуан) салмақ дәрежелері бойынша күресетін болады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер демеушілер есебінен арнайы қаржылай сыйлықтар, белбеулер, медаль және дипломдармен марапатталады.
Жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары турнирдің ашылуынан соң Мақтаарал ауданының спорттық инфрақұрылымымен танысып, нысандарды аралады. Атакент кентінде орналасқан «Алпамыс батыр» стадионы мен жақында ғана пайдалануға берілген спорт кешенімен танысты. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы құрылысы басталған спорт кешенінің конкурстық құны – 600 миллион теңге. Мердігер мекеме «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын жүргізді.
Спорт кешенінде үлкен спорт залы және спортшыларға арналған жаттығу залдары бар. Мұнда волейбол, баскетбол, футзал, гандбол, күрес, бокс, дзюдо және тағы басқа спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік қарастырылып, спорттық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Одан бөлек, ғимарат аумағында жасанды көгалмен жабдықталған футбол алаңшасы, баскетбол, волейбол алаңшалары орналасқан.
Ауданда бұған дейін Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионы, «Мырзакент» спорт сарайы ел игілігіне беріліп, түрлі ауылдарда 20-дан астам кіші футбол алаңшалары ашылған.
Жұмыс сапары «Алғабас» мәдениет үйінде жалғасты. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған жаңа ғимарат 2 қабаттан тұрады. 200 орындық концерт залы және үйірмелерге арналған бірнеше шағын залдар бар. Жалпы, бүгінгі таңда ауданда 9 мәдениет үйі бар.