Bugin

ТҮРКІСТАН: «БАБАЛАР ДӘСТҮРІ – ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістанда «Бабалар дәстүрі – тәрбиенің бастауы» атты байқауы өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ұлттық құндылықтарды насихаттауда байқаудың маңызы жоғары екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Өздеріңізге белгілі, қазақ халқы әлемдегі салт-дәстүрге бай халықтардың бірі. Тәрбиелік маңызға ие бұл байқауды, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді қолға алдық. Облыстың барлық аудан, қаласында жалғасын тауып, жастарға үлгі-өнеге көрсететін ұлттық патриоттық іс-шараға айналып отыр. Халық арасында бабалар тәрбиесінің ізгі мұрасын бүгінгі өскелең жастарға насихаттау әрбіріміздің өшпес парызымыз. Осыған орай, бүгінгі байқау үлкен мәнге ие. Әдет-ғұрыпымызды дәріптейтін осындай жобалар көп болып, ұрпақ санасы серпіле берсін, – деді Ертай Кенжебекұлы. 

Шараға аудан, қалалардан жалпы саны 20 команда қатысып, бақ сынады. Ата-бабамыздың салт-дәстүрлері халықтың рухани өзегі, мәдениетінің дінгегі, тілінің тірегі. Осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында қолға алынған шарада қазылар алқасы 20 топтың дайындығын 2 кезең бойынша байқады. Алғашқы кезең ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр бойынша, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі мен ел бірлігіне өте қажет деген отау көтеру, тәрбие, отбасы, тұрмыс дәстүрлері, еңбек дәстүрлері сахналық қойылымдар үйлесімін тауып көрермен назарына ұсынылды. 

Ұлтымыздың дәстүрлерін әділ қазылар алқасына тереңінен жеткізіп, көрерменге көрініс барысында толыққанды сипаттап берді. Ал екінші кезеңде ұлттық қадір-қасиеттерді дәріптеді. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Арыс қаласына бұйырды.  Жүлделі 1-орынды Қазығұрт пен Төлеби ауданы, жүлделі 2-орынды Түркістан қаласы, Шардара мен Сарыағаш ауданы, жүлделі 3-орынды Жетісай, Созақ, Түлкібас аудандары иеленді. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды. 

Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауымен өткен байқаудың мақсаты – ұмыт қалған салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, шешендік сөздердің қуатын ұрпақтың бойына сіңіру. Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының бастамасымен, байқау биыл екінші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушы – «Серпіліс» қоғамдық қоры.