Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түлкібас ауданында 2025 жылы жалпы инвестициялық құны 67,5 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарлануда, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Одан түсетін болжамды салық көлемі 97,7 млн теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар, 858 азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоспарға енген жобалардың ішінде «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС зауыты бар. Онда каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк өндірілмек. Сонымен қатар, «Azia Food Company» ұн диірмені де алдағы жылы толықтай іске қосылады деп күтілуде. Бұл жайында Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«2024 жылдың 10 айында аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 81 млрд 519,2 млн теңгені құрады. Ал, шағын және орта бизнес нысандарының саны 9 787-ге жетіп, 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. 2025 жылы аталған саланы дамыту мақсатында жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын, 22 жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар толықтай іске асырылса 226 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан бюджетіне қосымша 138 млн теңге салық түседі деп күтілуде»- деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, ауданды туристік аймаққа айналдыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде өңірде 36 туристік нысан жұмыс істейді. Ал, келер жылы құны 3,1 млрд теңгелік 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Көзделген мақсат толықтай іске асса, 235 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, Түлкібас ауданындағы ауылшаруашылық өнімінің көлемі жыл басынан бері 46 млрд 452 млн теңгені құраған. 2025 жылы да аталған саланы дамыту мақсатында 8 жоба іске асырылмақ. Инвестициялық құны 15,5 млрд теңгені құрайтын жобалар арқасында 97 азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік алады.
Аудандағы инфрақұрылым саласы да ілгері жылжыған. Нақтырақ айтар болсақ, ауыз су саласы бойынша 59 елді мекеннің 58-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аудандағы 21 135 тұрғын үй, яғни 99,8 %-ы табиғи газ жүйесіне қосылған.