Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Бұл бағытта толық циклді 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары басталды. Мақта өнімділігі мен сапасын арттыру жұмыстары Ордабасы ауданында да атқарылып жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ордабасы ауданына іссапар барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Төрткүл ауылында орналасқан мақта өңдеу зауытының жұмысымен, ондағы техникалармен танысты. Облыс әкімі өңірде мақта кластерін құру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, өнім сапасын арттыруға, инвесторлар тартуға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Зауыт басшысы жаңа жобаларды таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, кәсіпорында өнімділікті және мақта сапасын арттыру мақсатында түркиялық ұрықтар егіледі. Келесі жылдан бастап 250 гектар аумаққа тамшылатып суару техникаларын ендіру көзделіп отыр. 2025-2026 жылдары зауыт қайта жаңғыртудан өткізілмек. 2027 жылы мақта кластерін құру жоспарлануда.
«Нұр-Агро 73» ЖШС мақта талшығын өндіреді. Жоба құны – 255,0 млн теңге. Өндіріс қуаттылығы жылына – 35 000 тонна. Жеке кәсіпкер 300-ден аса азаматты жұмыспен қамтып отыр.
2023 жылы мақта зауытында 18 мың тонна мақта өңделіп, 6 мың тонна мақта талшығы Балтық жағалауы елдеріне, Ресей және Беларусь мемлекеттеріне экспортқа шығарылған.
Айта кетейік, Түркістан облысы республикада мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Биыл мақта дақылының егіс көлемі 106,4 мың гектарды құрады. Бұл жалпы егістіктің 12 пайызы.