Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түркістанда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда өзі жетекшілік ететін салалар бойынша жыл соңына дейін пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы пысықталды. Ең алдымен мердігерлерден сапалы әрі мерзімінде аяқталуын талап етті. Жауапты басқарма өкілдеріне материалдық-техникалық базамен және қажетті жабдықтармен толық қамтылуын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар жылу дұрыс қосылуы керектігін атап өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Білім беру саласы бойынша 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 6 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 8 нысанның құрылысы аяқталады. Қалған 7 нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жақында Түркістан қаласында 1 мектеп пайдалануға берілсе, қараша айында 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында 52 нысаның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде облыстық бюджет есебінен 4 нысанның құрылысы жоспарланған. Бүгінде 3 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. 1 нысан келесі жылға өтпелі. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 48 жоба іске асырылуда. Ұлттық жобаға сәйкес барлық нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспары қойылған.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бойынша жақында «Самғау» орталығы пайдалануға берілді. Ал желтоқсан айында 50 орындық мүгедектігі бар балаларға арналған орталық ашылады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, жалпы биыл ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджет есебінен 500-ге жуық нысан құрылысын жүзеге асыру көзделген. Облыстық құрылыс басқармасы әкімшісі болып саналатын бұл нысандардың 100-ге жуығы ел игілігіне пайдалануға беріліп үлгерсе, жыл соңына дейін 300-ден аса нысан тапсырылады деп жоспарлануда. Ал қалғаны келес жылға өтпелі.