Bugin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА «ҚЫС – 2024» ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Жетісай ауданы әкімдігі

Зілзала, от, топан су – тілсіз жау. Олардан кез-келген уақытта сақ әрі барлық жағдайда дайын болуымыз керек. Тұрғындар мен мекемелердің, төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің дайындықтарын тексеру мақсатында Жетісай ауданында «Қыс – 2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Арнайы бекітілген нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырылған шараға аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Сартбаев,  аудандағы барлық құрылымдар мен бөлімдердің қызметкерлері қатысты.

Қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу және іс-әрекеттердің дайындығына толық көз жеткізу мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Қыс – 2024» командалық штабтық оқу-жаттығу жұмыстарына аудандағы жауапты мекемелерден құралған 12 азаматтық құтқару қызметтік тобы қатысты. Іс-шарада әрбір қызметтік топ жетекшісі мен топ мүшелерінен қызметтік міндеттері сұралып, техникалық базалары тексерілді. Құрал-саймандары түгенделді. Өйткені, айтып келмейтін апаттық жағдайларға аудан барлық уақытта да дайын болуы керек дейді ұйымдастырушылар.

«Шараны өткізудегі басты мақсат – айтып келмейтін табиғи-техногендік апаттарға қашан да дайын болу керектігін ескере отырып, аудандағы азаматтық құтқару топтарының дайындығын, қажетті техникалары мен құрал-саймандарының жарамдылығын пысықтау, тексеру болып табылады. Оқу-жаттығу барысында көз жеткізгеніміздей дайындық жақсы. Әрбір топ пен мүшелері өздеріне жүктелген міндеттері мен іс-қимылдарын жақсы біледі» дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Сартбаев.

Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары бастаған топ оқу-жаттығу барысында апат орын алған жағдайда бірінші кезекте қажеттілігі туындайтын байланыс саласымен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін және барлау-құтқару қызметтерін жүргізетін басты салалардың жұмыстарына ерекше көңіл бөлді.

Осылайша аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу, төтенше жағдай кезінде адам шығынын болдырмау және төтенше жағдайда ережеге сәйкес дер кезінде іс-қимыл атқаруды дұрыс ұйымдастыру мақсатында өткен республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу жұмыстары тағы да бір рет пысықталды. Өйткені, еліміздің зайырлы, декмократиялы ел болып қалыптасуында үлкен маңызға ие Конституциямызда ең алдымен адам және адам өмірі, оның бостандықтары мен құқықтары бірінші орынға қойылған. Адамның амандығынан қымбат нәрсе жоқ.