Bugin

“Доллар бағамы тұрғын үй бағасына әсер етпейді" — Министр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: freepik.com

Қазақстандағы доллар бағамының өсуі тұрғын үй нарығына қалай әсер ететіні белгілі болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін үйдің бағасы, доллар бағамының өскеніне қарамастан тұрақты болатынын мәлімдеді. 

"Мемлекет бағаның жоғарғы шегін бақылайтын болады. Ал өткен жылмен салыстырғанда бұл жылы да өзгерістер күтілмейді. Оған 2 себеп бар. Біріншіден, бізде құрылыс материалдарының шамамен 70% – ы елімізде өндіріледі. Яғни, цемент, бетон Қазақстанда шығарылады. Бұл жағдайда бізде әлеуметтік бағдарламалар бойынша бағаның жоғарғы шегін шектеуге мүмкіндігіміз бар және мемлекет бұл жұмысты жүргізетін болады", – деді Шарлапаев. 

Ал жеке нарықтағы баспаналардың бағасы нарықтық сұранысқа сай құбылуы мүмкін. Десе де, Шарлапаев олардың бағасы да айтарлықтай өсе қоймайтынын айтты.

"Біз елде жасалатын материалдардың арқасында нарық тұрақты болады деп ойлаймыз. Бірақ, бұл — нарық. Ештеңені жоққа шығаруға болмайды», - деп атап өтті Шарлапаев.