Bugin

“Қазақ тілінің үздік оқытушысы” байқауы өтті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: 

“Қазақ тілінің үздік оқытушысы” байқауы өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Байқаудың мақсаты – тілді үйретудегі озық әдістемелер мен инновациялық тәсілдерді қолдану үлгілерінің бірыңғай көпшілікке қолжетімді цифрлық ресурсын жасау, қазақ  тілін үйренушілерге жан-жақты жағдай туғызу және барлық деңгей бойынша қазақ тілін оқытушы мамандардың (мұғалімдердің) кәсіби біліктіліктерін арттыру және әдістемелік шеберліктерін шыңдау болды.

Байқауға қатысушылар үш шарт бойынша бақ сынасты. Бірінші шарт бойынша қатысушылар almatytil.kz порталында таныстырылым мәтінін (қазақ тілін оқыту ісінде жинақтаған тәжірбиесін, озық әдістемелері мен инновациялық тәсілдерін және әзірлеген оқу құралдарын) жариялау керек болатын. Екінші шарт бойынша оффлайн ресурстар бөліміндегі деңгейлік материалдарға арналған (А1, А2, В1, В2, С1) бір тапсырма үлгісін құрастырса, үшінші шарт бойынша қазақ тілін оқыту мәселелері туралы ғылыми-әдістемелік мақала жариялады.

29 қараша күні байқаудың нәтижесін шығаруға Алматы қаласы әкімі аппараты тілдерді дамыту  және ономастика бөлімі мен қазылар алқасы қатысты. Атап айтсақ: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Асанбаева Сәуле, "Өрлеу" БАҰО АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Есентаева Айжан және Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы Шалабаев Құсман шақырылды.

Байқауға барлығы 40 өтінім келіп түсті. 10 өтінім мүлде жарамсыз деп танылды. Себебі бұл қатысушылардан өтінім ғана келген.  7 жұмыс талапқа сай емес болды. Мысалы, үш шарттың екеуі орындалған немесе біреуі ғана келген, яғни шарт бойынша түгел емес. 7 өтінім тақырыптан ауытқыған, сондықтан іріктеуден өтпей қалды. Байқау ережесіне сәйкес талапқа сай 16 жұмыс соңғы іріктеуге жіберілді. Қазылар әр шарттың талабына сәйкес оқытушыларды бағалады. Сәйкесінше бірінші шарт бойынша таныстырылымның  мазмұны, сапасы, әдістемелік құралы, жаңашылдығы мен оқытушының тәжірибесі бағаланса, екінші шарт бойынша тапсырманың күрделілігі мен өзектілігі, педагогикалық мақсаттарға сай болуы, тапсырманың мазмұны мен дәлдігі бағаланды. Үшінші шарт бойынша мақалалардың құрылымы мен логикасына, теориялық және практикалық негіздемелеріне, жазу стилі мен ғылыми дәлдігі, тақырыптың өзектілігі мен жұмыстың жүйелілігі негізгі алынды. 

Байқау жеңімпаздары Алматы қаласы әкімі аппараты ұйымдастыруымен өткен “Мемлекеттік тіл мәселелері” атты жиында марапатталды. Нәтижесінде ІІІ орын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы Сатбекова Айгуль Ахметовна, ІІ орын SDU университетінің ф.ғ.к., қауымдастырылған профессоры Абнасырова Райхан Жалғасбайқызына бұйырды. І орынды Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Анапияева Салтанат Сүлейменқызы қанжығасына байлады. Сонымен қатар Қазақ бас сәулет құрылыс академиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Шамшадинқызы Ақнұр “Жаңашыл оқытушы” номинациясымен, Алматы автомобиль және сән индустриясы колледжінің қазақ тілі пәні мұғалімі Дюсенгалиева Толқын “Кәсіби қазақ тілі маманы” номинациясымен, №97 мектеп гимназиясы КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қыстаубаева Айгүл “Жүйелі тапсырма” номинациясымен марапатталды. Номинацияларды тағайындаған Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы Шалабаев Құсман.