Bugin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІН ТЫҢДАДЫ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалындағы кезекті қоғамдық қабылдау Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың қатысуымен өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Облыс тұрғындарымен кері байланыс арнасы болып түзілген қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, облыстық денсаулық сақтау, білім басқармаларының жауапты өкілдері, Созақ ауданы мен Түркістан қаласы әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Облыс әкімі орынбасарларының жеке қабылдауына жазылған тұрғындар негізінен әлеуметтік сұраныстарымен, білім беру жүйесі бойынша өтініштерімен және денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерімен жүгінді. Партиялық алаңға келген 5 азамат мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдем көрсетуді, қаржылай көмек алуға мүмкіндік қарастырып беруді өтінсе, тағы 5 азамат білім беру мекемелеріне жұмысқа тұруға көмек көрсету, мектепке дейінгі ұйымды ашудағы кедергілер жөніндегі базыналарын білдіріп, білім мекемесіндегі жұмысынан босатылғанына шағымын жеткізді. Ал денсаулық сақтау жүйесі бойынша сұраныстарын арқалай келген тұрғындар, денсаулық жағдайы бойынша мүгедек деп тану, кәсіби білікті дәрігерлердің қабылдауына бару бойынша көмек беруін өтінсе, қабылдауға жазылған бір азамат ауруханадағы жұмысынан заңсыз босатылғанына араша сұрап келді.  

Мәселен, Түркістан қаласындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатынан «Ханзада» жекеменшік балабақшасын ашқан жеке кәсіпкер Гүлзираш Нәлібаева Түркістан облысы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия шешіміне наразылығын білдірді.  Мәселені мұқият тыңдаған Бейсенбай Дәулетұлы білім басқармасының жауапты өкіліне жағдайды толық зерделеуге тапсырма беріп, тікелей назарда ұстайтын болды. 

6 баланың анасы Алтынай Әлайдарова алаяқтың құрбаны болған. Бүгінде мойнына ілінген қарызы көбейіп, тығырықтан шығу жолын іздеп жүр. Хабарлама ресми органдардың нөмірімен келген. Алтынай аталған ресми органдарға шара көруін сұрайды. Аталған өтініш бойынша құқық қорғау органдарына хабарласу ұсынылып, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан  көпбалалы ана ретінде атаулы әлеуметтік тағайындау мүмкіндігін қарастыру зерделенетін болды.  

Өзге де тұрғындардың өтініштері қаралып, бақылауға алынды.