Bugin

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ БАБА ТҮКТІ ШАШТЫ ӘЗІЗ КЕСЕНЕСІ АУМАҒЫНА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бүгін Созақ ауданы, Құмкент ауылдық округінде «Таза Қазақстан» республикалық шарасы аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар мен ауылдың белсенді жастары Баба түкті Шашты Әзіз кесенесінің ауласын тазартты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тазалық шарасына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін уақытша атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева арнайы қатысып, көне дәуір жәдігері болып табылатын ескерткіш аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. 

«Құт дарыған, қасиет қонған аймақтардың тазалығына атсалысуды перзенттік борышымыз деп білуіміз қажет. Тамырлы тарихын бүгіп жатқан сырлы Созақ, шын мәнінде, қазақ руханиятының төрт құбыласын түйістірген өлке. Арайлы өлкенің темірқазығы болған Созақты көрікті мекенге айналдырып, оның шамшырағындай болған әулиелерін қадір тұту – ең ұлық мәртебе», деді Қалыйма Жантөреқызы.

Шараға жиналған тұрғындар келуші қонақтарға арналған аяқжолдарды қалыпқа келтірді. Кесене аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, ондағы ретсіз өскен шөптер тазаланып, қураған ағаш түптері кесілді. Кесене аумағында ұйымдастырылған акцияға белсенді жастар мен ауыл тұрғындары атсалысып, тазалыққа қажетті техникалар жұмылдырылды.