Bugin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ҚОС БІРДЕЙ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс орталығы Түркістан қаласында Отырар ауданының Құрметті азаматы, әдебиеттанушы, этнолог және өлкетанушы, Отырар аудандық Руханият - Әбу Насыр әл-Фараби музейінің негізін қалаушы Абдулла Жұмашовтың «Фараби елі» және «Әл-Фарабиден бүгінге дейін» атты қос кітабының тұсаукесері өтті. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен кеш қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірі, әлемге әйгілі данышпан Әбу Насыр әл-Фарабиге және оның елінің мұрасына арналды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жиында облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев сөз алып, мәдени шара қазақ руханияты үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың сәлемін жеткізіп, алғыс хат пен арнайы сый-сияапатын табыстады.

Көпшілік назарына Абдулла Жұмашовтың өзі негізін қалаған музейден арнайы дайындалған кітап көрмесі ұсынылды. Бұл көрме әл-Фараби мұрасын танытудағы құнды еңбектер мен сирек кездесетін материалдарды қамтыды. Сонан соң кітаптардың мазмұнын тереңірек таныстыру үшін арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.

Іс-шараға белгілі ғалымдар, зерттеушілер, тарихшылар мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында дінтанушы, тарихшы Жандарбек Зікірия Заманханұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Хазіретәлі Маханұлы, сондай-ақ облыстық, аудандық және қалалық кітапхана мен музей басшылары болды.

Шара барысында Қазақстан реставрациясының құрметті ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Тұяқбаев пен техника ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев кітаптың тұсауын кесті. Философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетаев кешті тізгіндеп, ғылыми баяндама жасады. Түркістан қалалық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Майгүл Тұрыскелдиева «Өсиет» термесін орындап, көрерменді тебірентті. Сонымен қатар кеш кейіпкерінің немересі, күйші Ақарыс Абдулла Төлеген Момбековтың «Салтанат» пен «Адай» күйін орындап, шараның рухани деңгейін одан әрі биіктетті.

Тұсаукесердің соңында қатысушылар жазушы Абдулла Жұмашовпен сұрақ-жауап форматында мазмұнды әңгіме-сұхбат жүргізіп, пікір алмасты. Қорытынды сөзінде автор шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Қатысушылар бұл кештің рухани байлықты дәріптеген айтулы оқиға екенін айтып тарқасты.

Айта кетейік, бұл рухани жиын Әбу Насыр әл-Фараби елінің баға жетпес мұрасын дәріптеуде және ұлттық мәдениетімізді дамытуда тағы бір маңызды қадам болды. Абдулла Жұмашовтың музейіндегі ерекше көрме де осы мұраны жас ұрпаққа танытудың жарқын үлгісі ретінде есте қалды.