Bugin

6,6 жылға сотталған актер Асқар Жұмабек қалай бір жылда бостандыққа шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Instagram/askarzhumabeqov

Өткен жылы актер Асқар Жұмабек пен караоке-бар қызметкерлері арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласты. Актер Асқар Жұмабек 6,6 жылға сотталған еді. Енді ол бір жылдан соң мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Сотталған актер Тараз қаласының № 2 сотына жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiне, яғни айыппұлға ауыстыру туралы өтініш жазған. 

Осылайша Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 20.08.2024 жылғы қаулысымен 11.10.2023 жылғы үкім өзгертіліп, түпкілікті бас бостандығынан айыру жазасының мерзімі 4 жыл 15 күнге дейін төмендетілген. 

Сотталған Асқар Жұмабек шын жүректен өкініш білдіріп, түзелу жолына түскенін көрсетіп, өтінішхатын толық қолдап, қанағаттандыруды сұрады. Жәбірленушілердің өкілі — адвокаты А. жәбірленушілерге материалдық және моралдық залалды толық өтелгенін, олар сотталған азаматты кешіргендерін, қояр талаптары жоқ екенін айтып, өтінішхатты қанағаттандыруға қарсылықтары жоқ екенін мәлімдеді, — делінген соттың хабарламасында. 

Өз кезегінде әртіс қамауда отырған № 25 мекеменің өкілі сотталушының өтінішхатын қанағаттандыруға лайық деп таныды. Сонымен қатар, прокурор сотталғанның өтінішхатын қанағаттандыру қажет деген қорытынды берген.

Сот Асқар Жұмабектің залалды өтегенін және жәбірленушілердің өтемақы қорына мәжбүрлі төлемді және процестік шығынды төлегенін, сонымен қатар жәбірленушілердің оны кешіргенін ескеріп, өтінішхатын қанағаттандырып, өтелмеген жаза мерзімін, яғни 2 жыл 5 ай 11 күнді 670 797 теңге мөлшердегі айыппұлға ауыстырды. Тараптар қаулыға шағым түсірген жоқ, — деген шешім шығарған сот. 

Сот шешімі заңды күшіне енді.