Bugin

Ер адам балаларына 44 млн теңге қарыз болып шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: freepik.com

Абай облысында кәмелетке толмаған балаларына 44 миллион теңгеден астам қарызы бар борышкер анықталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Курчатов қаласының полициясына азаматтық сот орындаушыларынан балаларын асырауға 44 миллион теңгеден астам алимент қарызы бар азаматты іздеу туралы тапсырма түскен. Борышкердің орналасқан жері анықталды. Ол қазіргі уақытта Ресейдің Барнаул қаласында тұрып жатқан 40 жастағы азамат болып шықты. Тексеру барысында борышкердің алимент төлеуден жалтарып, Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны белгілі болды. 

"Бұл жағдай талапкерлерге халықаралық құқықтық механизмдер арқылы алимент өндіруге мүмкіндік береді. Минск және Кишинев конвенцияларының негізінде борышкерден алиментті өндіру ісі заңды түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Абай облысының полиция департаменті алимент төлеуден жалтарудың тек қаржылық жауапкершілікпен шектелмейтінін, сондай-ақ қылмыстық жауапкершілікке де алып келуі мүмкін екенін еске салады”, - делінген полиция хабарламасында.

Егер алимент төлемеу фактілері ауыр жағдайлармен расталса, Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық келісімдерге сәйкес борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылуы мүмкін.