Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
2024 жылдың ІІ жартыжылдығында Түркістан облысы, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауылдың дамуы мен алдағы жоспарлар туралы пікір алмасты. Кездесу барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инфрақұрылымдық мәселелер және тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Әшірбеков қатысып, 2024 жылы округте атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалар туралы қорытынды баяндамасын жасады. Ол өз баяндамасында ауылда жүзеге асқан су құбыры және басқа да инфрақұрылымдық жобалардың нәтижелерін атап өтті. Әсіресе, ауызсу мәселесі бойынша істелген жұмыстар жөнінде сөз болды.
«2024 жылы Жібек жолы ауылдық округінде бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Ауылдың жолдары жаңартылып, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың барлығы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды», – деп атап өтті Мейрамбек Әшірбеков.
Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді тыңдап, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін назарға алатынын жеткізді. Ол сондай-ақ, Жібек жолы ауылдық округінде алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау, білім мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша жоспарлы жұмыстардың жалғасатынын айтты.
«Жібек жолы ауылдық округі – ауданының дамуына өзіндік үлес қосып отырған аумақтардың бірі. Біз ауылдардың жайлы әрі қолайлы өмір сүру ортасына айналуы үшін барлық қажетті шараларды атқаруды жалғастырамыз. Әрбір ауыл тұрғынының пікірі мен ұсынысы біз үшін өте маңызды. Сол арқылы біз ауылымыздың дамуын бірлесіп жүзеге асырамыз», – деді Мақсат Таңғатаров.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерінің мәселелері мен ұсыныстарын білдіріп, ауылдық инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік нысандарды жөндеу сияқты мәселелерге назар аударуды сұрады. Әкімдер бұл мәселелерді шешу үшін келешекте жүзеге асырылатын жобалар мен бастамалар бойынша тұрғындарға толық ақпарат беріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Жиын соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарына алғысын білдіріп, жергілікті әкімдік пен аудан әкімдігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың ауылдың әрі қарай дамуына серпін беретінін атап өтті.