Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: Түркістан облысы әкімдігі
Биылғы жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы аумағындағы елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасып, ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға ықпал етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылы 34,1 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт жабындысы төселді. Оның ішінде 22,4 шақырымды құрайтын 18 көше «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында, ал 11,6 шақырымдық 11 көше жергілікті бюджет есебінен жаңартылған. Осылайша, Жартытөбе, Аққолтық, Көктөбе, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі жолдары толықтай асфальтпен жабылып, тұрғындардың өмір сапасы артты.
Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, аудан аумағындағы 34 көшеге асфальт төселіп, елді мекендердің ажары одан әрі арта түсті. Биылғы жылы Жуантөбе ауылы да 100 пайыз сапалы жолмен қамтамасыз етілді.
Мұнымен қатар, облыстық маңызы бар күре жолдар да жөндеуден өтіп, аудан тұрғындарының көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалуда.
«КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейінгі 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымы, және «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысы төсеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков биылғы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Аудан көлемінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ауылдарымыздың арасындағы байланысты жақсартуға, әлеуметтік және экономикалық дамуға тың серпін берілді. Алдағы уақытта да жолдардың сапасын арттырып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Айта кетейік, жалпы аудан көлемінде 917 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 435 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар, 79 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары.