Weekend
Marvel кинематографиялық ғаламының жиырма екінші фильмінен не күтеміз?
Бүгін, 29 сәуірде кинотеатрларда жылдың басты киножобаларының бірі – "Кек алушылар: Ойын соңы" ("Мстители: Финал" / "Avengers: Endgame") басталды. Бұл Marvel кинематографиялық ғаламының (МКҒ) жиырма екінші фильмі.
Премьералар әдетте аптаның бейсенбісінде шығады. "Кек алушылардың" біздегі прокаты дүйсенбіден басталуында себеп бар. Бастапқыда фильмнің премьерасы өзге елдердегідей 25 сәуірде басталуы керек еді. "Миллиард" деген ресейлік картинаның прокаттағы табысына кедергі келтірмеу үшін Ресейдің мәдениет министрлігінің талабымен "Кек алушылар" бірнеше күнге кейінге шегіріліп отыр. Ал Қазақстанның кинопрокаты Ресей дистрибьюторларына тәуелді екені белгілі. Сондықтан Ресейдегі өзгеріс біздің елдің прокатына да әсер етіп отыр.
"Ойын соңы" – аты айтып тұрғандай, 10 жылдан бергі ұзақ оқиғаны аяқтап, франшизаның осы кезге дейінгі бөлігіне нүкте қояды. Осыдан кейін МКҒ-ның әрі қарайғы өрбуі жаңа бағыт алады.
Фильмнің әлемдік премьерасы 22 сәуірде болды. Бірнеше күннің ішінде кассалық түсім бойынша бірнеше рекорд жасап үлгеріпті. Атап айтқанда: 1 миллиард долларды ең жылдам жинаған жоба (5 күнде), бір апта ішіндегі әлемдік табысы ең көп жоба (1,2 млрд доллар), ІМАХ форматы үшін әлемдегі ең көп табыс (91,5 млн доллар), 3D форматы үшін бір апта ішінде әлемдегі ең көп табыс (540 млн доллар). Жалпы, "Кек алушылардың" соңғы бөлімі кино тарихындағы кассалық түсім бойынша әлем рекордын жаңартады деген болжам бар. Әзірге Джеймс Кэмеронның "Аватары" 2,7 млрд доллар жинақпен кино тарихындағы ең табысты фильмдер тізімінде алда тұр.
Кинокомикс фанаттары үшін жағымсыздау жаңалық: әдеттегідей фильм аяқталған соң, титрдан кейінгі көріністер болмайды. Бірақ мүлдем жоқ деп те айтуға болмайды. Marvel логотипін экранда пайда болғанда әлдебір аудиожазба ойнатылады. Бұл ненің белгісі екенін фанаттардың талқысына қалдырыпты.
"Кек алушылардың" ақырғы бөлімі үш сағатқа созылады. Сондықтан сеанс алдында физикалық әрі моралдық тұрғыдан дайындалып алған дұрыс.