Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысы, Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжіліс күн тәртібінде төрт мәселе қаралды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауылшаруашылығы саласындағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Раимбеков баяндама жасады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 3,7 млрд теңге.
Ал, су тасқының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев таныстырды. Аудан аумағындағы жылыту маусымы кезінде улы газдан уланудың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Медетхан Шаңбаев баяндады. Сонымен қатар аудандағы каналдардың қазіргі жай-күйі жөнінде «Төлеби су шаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорын директоры Жасар Нысанбаев хабарлады.
Аққұм ауылдық округіндегі Аққұм каналының 2 шақырымына, Көксәйек ауылдық округіндегі Сайрамсу өзенінен бастау алатын Көксәйек арығының жар боп құлаған 230 метр жеріне механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Алатау ауыл округіндегі Доңғыстау өзенінен бастау алатын Теріс каналының құлаған жерлері, Таш каналының лай ұйыққа толып, жар боп құлаған 210 метр аумағы тазаланды. Кент каналының 200 метр жері көктемгі су тасқыны кезінде бетондарының қирап жарамсыз жерлеріне, жағалауларында сынып кеткен бетон плиталарына бетон құю жұмыстары жүргізілді. «Төлеби су шаруашылы» МКК қарасты 38 каналдың өзеннен бастау алатын жерлеріне лай ұйықтан тазалау жұмыстары жүргізіліп, ағын су берілді.
Аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және улы газ салдарынан болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі кезде ауданымыздың әрбір мекемесінде қауіпсіздік айлығы жарияланды. Аппараттық мәжілісте көтерілген барлық мәселе бойынша аудан әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, орындалуы жеке бақылауында болатындығын жеткізді.