Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: Түркістан облысы білім басқармасы
Түркістан өңірінің мектеп директорлары «Мектеп менеджменті: басқару аспектілері мен әдістері» бағдарламасы бойынша оқыту курсына қатысуда, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы білім басқармасына сілтеме жасап.
Білім басқармасы және «Педагогикалық шеберлік орталығы», облыстық «Әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен жалпы 767 орта білім беру ұйымы басшысын біліктілікті арттыру курсынан өткізу жоспарланған. Дәрістерді Алматыдан арнайы келген «Педагогика шеберлік орталығының» тренері Берік Асубаев өткізді.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев біліктілікті арттыру курсының жүргізілу барысымен танысты. Кездесуде тренер-оқытушы және мектеп директорларымен пікірлесіп, тың жаңалықтарды бөлісті.
— Білім жүйесі және оның сапасын көтеру үнемі назарда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға өзі бас-көз болып, игі бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Ұстаздардың білімін жетілдіру арқылы тәрбие бағытын ілгерілетумен қатар жаңа көшбасшыларды анықтаймыз. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетімен республикада алғаш рет біздің облыстың 41 педагогы арнайы менеджмент курстарынан өтті. Халықаралық деңгейде шет елдеріндегі оқу курстарында тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ үздік сала қызметкерлерін басшылық қызметке конкурссыз тағайындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталуда. 2025 жылы да жалғасын тауып, арнайы лидерлердің кадрлық жасағын қалыптастырамыз. Мемлекет тарапынан білім саласына, оның ішінде ұстаздар қауымына жасалынып жатқан қамқорлық ерекше. Жан-жақты қолдаулар тоқтамайды. Адал еңбегіміз арқылы күш біріктіріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысайық! – деді Бейсенбай Дәулетұлы.