Bugin

ТҮРКІСТАН: ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚОРЫТЫНДЫ ЖИЫНЫН ӨТКЕРДІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Шардара аудандық қоғамдық кеңес мүшелері биылғы жылдың соңғы отырысын өткерді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Е.Каратунов, аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Бердешов, кеңес мүшелері мен салық органы қызметкерлері, білім саласы қызметкерлері қатысты. Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Нұрпейісов жүргізіп отырды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.    

Мәжілістің күн тәртібінде алдымен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы мәселе қаралды. Бұл жұмыстар жөнінде аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шоқан Ибраимов толыққанды хабарлама жасады.

Осы жылдың 10 айында жергілікті бюджеттің салықтық түсімдері 4 659,5 млн теңгеге орындалды. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 112 млн теңгеге артық орындалып отыр. Жыл соңында жоспарды артығымен орындаймыз деп жоспарлап отырмыз. Мұнан бөлек қосымша кіріс көздерін анықтау мақсатында қала, ауыл әкімдіктерімен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз, – деді Ш.Ибраимов.

Келесі кезекте Сүткент ауылының әкімі Қ.Кенбай өзі басқарып отырған аймақтың тыныс-тіршілігі туралы хабарлама жасады. Кеңес мүшелері биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткен ауылда атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

Мұнан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Мұсатаева білім саласы бойынша атқарылған жұмыстарын баяндады.

– Ауданымызда 31 (24 жалпы орта, 1 негізгі, 1 бастауыш, 5 шағын жинақты бастауыш мектеп, 1 жекеменшік мектеп) білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары – 40. Мектептерде 19166 оқушы білім алса, мектепке дейінгі мекемелерде 4730 бала тәрбиеленуде. 31 мектепте 2915 педагог қызмет атқарса, мектепке дейінгі мекемелерде 511 педагог еңбек етуде. Қосымша білім беретін 2 мекемеде 111 педагог жұмыс атқаруда.

Аудан педагогтары жыл сайын кәсіби құзіреттіліктерін дамыту мақсатында түрлі деңгейдегі курстарды оқып, білімдерін арттыруда.

Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданымыз төменгі орындардан көрінді. Қазіргі таңда аталған кемшіліктерді жою мақсатында жұмыс істеп жатырмыз, – деді Ж.Мұсатаева.

Хабарламашылардың сөзінен соң кеңес мүшелері көкейдегі сауалдарын жолдап, түйінді деген мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.