Bugin

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСӨСПІРІМ БОКСШЫЛАР ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА 12 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото:Turkistan_sport

Атырау қаласында 20-26 қараша күндері бокстан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Turkistan_sport инстаграм парақшасына сілтеме жасап.

Еліміздің барлық аймағынан сайдың тасындай іріктелген былғары қолғап шеберлері қатысқан жарыста үздіктер анықталды. Бұл елшілік сайыста Түркістан облысының спортшылары жоғары дайындықпен келгендерін көрсетті. Шаршы алаңдағы жекпе-жектер нәтижесінде 5 алтын, 2 күміс және 5 қола медальді қанжығалады. 

Ал енді спортшылардың жектістіктерін нақтырақ айтып өтейік. Өңір намысын асқақтатып, жүлде салған спортшылар қатарында 44 келіде Арман Мырсабит, 46 келіде Жұмағали Нұрхан, 48 келіде Рүстем Сапархан, 60 келіде Анвар Идирисов, 70 келіде Қуаныш Урумбасарлар ринг төрінде атой салып, қарсылас шақ келтірмей бес бірдей алтын медальді облыс қоржынына салды. Ал, 50 келіде Жалғас Аппаз бен 70 келіде Абылай Талғат күміске қол созды. Қоса кетейік, қола медаль иеленген жерлестеріміздің қатарында 48 келіде Жанкелді Оразбек, 50 келіде Заманхан Аманкелді, 57 келіде Нұрасыл Оразымбет, 63 келіде Оңдасын Асылбек, 75 келіде Каххар Ирисматов сынды талантты сайыпқырандар бар.

Айта кетейік ел чемпионатында Түркістан облысы жалпы 12 медаль иеленіп, командалық 1-орыннан көрінді. Спортшылар мен жаттықтырушыларды жеңістерімен құттықтап, жаңа жетістіктер тілейміз!