Bugin
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Елге қызмет – мәртебелі міндет» тақырыбында іс-шара өтті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков салтанатты жиынды ашып беріп, ізгі тілегін арнады. Құқық қорғау және төтенше жағдайлар қызметі бүгінде ерекше жауапкершілікті талап ететін сала екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда құқық қорғау және төтенше жағдайлар саласы – ерекше жауапкершілікті талап ететін, әрбір күні, әрбір сәтте адам өмірі мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күресетін сала. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері өз жұмысында әділдік пен заңдылықты сақтауды ғана емес, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең үздік қызмет көрсетуге міндетті. Тек сол кезде ғана полиция мен халық арасында тығыз байланыс орнап, мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығаяды. Бұл тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді» деп полиция қызметкерлерінің халықпен тығыз байланыс орнатудағы маңыздылығын ерекше атап өтті, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында бірқатар құқық қорғау және төтенше жағдайлар қызметкерлері «Үздік учаскелік полиция қызметкері», «Үздік жол патрульдік полиция қызметкері», «Үздік әйел полиция қызметкері», «Үздік сақшы» және «Үздік құтқарушы» номинацияларымен марапатталды. Сонымен қатар аудан прокуроры Ержан Қожабеков құқық қорғау қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, қоғам алдындағы жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігін атап өтті. Бірқатар сала мамандарына сый-сияпат табыстап, құрмет көрсетті.
Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев және Созақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мұратов шараның маңыздылығына тоқталды. Сала үздіктері мен бірқатар құқық қорғау саласы мамандарының ата-аналарын марапатталды.
Шара барысында халық пен полиция қызметкерлері арасындағы байланыс жайында сахналық қойылым мен бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, аталған шара қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп, заңның сақталуына ерекше үлес қосқан құқық қорғау саласы мен төтенше жағдайлар қызметкерлерін құрметтеп, олардың еңбектерін бағалау мақсатында ұйымдастырылған.