Bugin

ТҮРКІСТАНДА ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістандағы «Достық үйінде» 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Ешкім де, ештеңе де ешқашан ұмытылмайды» тақырыбында Желтоқсаншылармен кездесу өтті. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов модераторлық етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Тағылымды іс-шараға өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і мен облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің қызметкерлері, Түркістан қаласындағы «Хамза атындағы №2 ЖББМ» КММ-нің және «А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицей» КММ-нің оқушылары, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і және «Түркістан Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің белсенді жастары қатысты.

Іс-шара барысында желтоқсаншылар 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы жайындағы бастан кешкен оқиғалары және естеліктерімен бөлісті. Қасіретті оқиғаның куәгерлері болған Түркістан қаласының тұрғыны Жанат Жұмадуллаева, Сауран ауданының тұрғыны Тамара Ерімбет жүрек тебірентерлік естеліктерін айтып, жас буынға үлкен ой салды, ерекше әсерге бөледі. Желтоқсаншылар өз сөзінде жастарды, «Қазір, білім мен ғылымның дамыған заманы, бүгінгі жастар білектің күшіне емес, білімнің күшіне сенулері қажет» деп, болашаққа айқын бағдар жасауға және дұрыс мақсат қоя білуге шақырды.

Сондай-ақ кездесуде ҚР Қарулы күштері Ардагерлерінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Алдабергенов пен «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Жансерік Жұман Тәуелсіздіктің бастауына айналған оқиғаның маңызы турасында байыпты сөз қозғады.

Кездесу барысында тарихи оқиғаның куәгерлеріне сауалдар қойылып, сырлы сұхбат болды. Жиынға қатысушылар Желтоқсан оқиғасының ызғары мен бейбіт күннің бағасы жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.

Іс-шара соңында Түркістан қаласындағы «Хамза атындағы №2 ЖББМ» КММ-і оқушыларының орындауында хормен «Қазақ елі» патриоттық әні шырқалды.