Bugin
Фото: Видеодан алынған скриншот
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты өткен брифингте желіде тараған кадрларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұған дейін желіде ұшақтың артқы бөлігінде шұрық-тесіктер бар екені туралы ақпарат тарады.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев оқиғаның мән-жайын мамандар анықтайтынын алға тартты.
“Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен сарапшы-криминалистер, Авиациялық әкімшілік мамандары келді. Олар әуедегі оқиғаларды зерттейді. Мамандар қылмыстық іс аясында барлық дәлелді жинап, тиісті сараптама жасап, сәйкесінше құлау себебін анықтайды. Қара жәшікті анықтау және сол сияқты басқа да ақпаратты жариялаймыз", - деді ол.
Осы ретте вице-премьер ведомствоаралық топ материалдарды тергеу аясында зерттейтінін, сараптамалар өткізілетінін және оқиғаның себебі анықталатынын атап өтті. Қанат Бозымбаевтың сөзінше, қазір оқиғаның себебі туралы алдын ала мәлімдеме жасауға ерте.
“Сарапшыларға жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер. Қазір бәрі Қазақстанның құзіретінде. Әуе апаты Қазақстанда болды, тергеу жұмыстары бас прокурордың бақылауында", - деді ол.