Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: freepik.com
Бұрынғы әкім Қайрат Оразбаевқа лауазымдық өкілетін асыра пайдалану бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды Bugin.kz.
Атыраудың бұрынғы әкімімен бірге сотта қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы, әкім аппаратының басшысы және қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы да лауазымдық өкілетін асыра пайдалану және қызметтік жалғандық жасады деген айып бойынша айыпталушылар қатарында болды.
Мәліметтерге сүйенсек, Оразбаев қала әкімі болған кезінде, жер қатынастары бөлімінің басшысы К.Н. мен қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы К.Е.-ге рекреациялық аймақта орналасқан 8 жер учаскесін беру туралы тапсырма берген. Айыпталушылар К.Н. мен К.Е. өзара келісіп, рекреациялық және санитарлық аймақтарда орналасқан 18 жер учаскесін берген. Осы мақсатта К.Н. жер комиссиясының хаттамасына 18 өтініш қаралғаны туралы жалған мәліметтер енгізген.
“Айыпталушылардың құжаттарға жалған мәлімет енгізгені дәлелденбеген. Әкім аппаратының басшысына қатысты лауазымдық өкілетін асыра пайдалану бойынша айыптауға қажетті дәлелдер ұсынылмаған. Оның өкілетіне рекреациялық және санитарлық аймақтарда орналасқан жер учаскелерін беру мәселесі кірмеген. Қылмыстық қудалау органы мүлікті жымқыру бойынша дәлелдемелер ұсынбады. Бірдей әрекеттер айыпталушыларға әртүрлі баптар бойынша лауазымдық өкілетін теріс пайдалану және алаяқтық ретінде сараланған", – деп түсіндірді судья.
Барлық жағдайларды ескере отырып, Қайрат Уразбаев пен бұрынғы қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы лауазымдық өкілетін асыра пайдалану бойынша айыпты деп танылды. Оразбаевқа үш жылға бостандықты шектеу жазасы тағайындалды, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айрылды.
Бұрынғы қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы бес жылға бостандықты шектеу жазасына тартылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Бұрынғы жер қатынастары бөлімінің басшысы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қызметтік жалғандық жасау бойынша алты жылға бостандықты шектеу жазасына кесілді.
Әкім аппаратының басшысы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды.