Саясат

«Қалаулымды» қалайсыз ба?

Ай десе аузы, күн десе көзі бар қаракөздеріміз бен кең иықты жігіттер не іздейді мұндай бағдарламадан?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Уақыт жоқ, уақыт жоқ» деп сырғыған уақыттың секундтарын жеткізе алмай сандалып жүріп кешкісін демалысты жанымыз қалайды. Көк жәшікке телміреміз сөйтіп. Қазақ телеарнасының хәлі қалай?

Түрлі бағдарламалар теледидардың пультіне дамыл бермейді. Айтпағым, көңіліңе қонатын бағдарлама таппай, дамылсыз басқа арнаға ауыстыра береміз, ауыстыра береміз. Көздері жыпылықтаған теледидардан бір арнаға әрең тоқталасың. Арналардың көптігі ме, әлде қарайтын ешнәрсе болмағандық па, кім білсін...

Қазақ киносы оң жолға қойылған бүгінде. Бірақ бағдарламалар ақсап-ақ тұр... Шоу жасаймыз деп шулатып, ұнаймыз деп ұсқынсыз болып жатқан бағдарламалар бар. Солардың бірі – «Қалаулым». Көпке таныс бұл бағдарлама. Бірақ жақтайтындар емес, даттайтындардың қарасы басым, сірә.

Бағдарламаның мақсаты екі жасты жұптастыру һәм бір шаңырақтың тігілуіне ұйытқы болу. «Жеңгетайлық» халқымыз үшін құлаққа түрпідей тиетін сөз емес. Бірақ бұл бағдарлама көпшіліктің кірпідей жиырылуына себепші болып жүр. Қыз айттырған халықтың «Қыз жігітті айттырып келді» дегенін бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Бұл бағдарламада мұны да көрдік. Өн бойы инабаттылық пен ибалықтан құралған қыз баласына жат қылық. Бұл жерде қыз баласының биязылығы байқалмайды.

«Бір жігітке сегіз қыздан келеді» деген статистика да бар. Алайда мұның дәл осылай көрініс беруі әбестік болар. Ұнату, ғашық болу, танысу, тамырласу жақсы ғой. Әріден соң, табиғи заңдылық. Заңдылықты заңға қайшы әрекеттер арқылы да бұзып жатқан жоқ па?! Ай десе аузы, күн десе көзі бар қаракөздеріміз бен кең иықты жігіттер не іздейді мұндай бағдарламадан? Көздегендері не? Мақсаты қандай? Мұнда отырған қыздардың көркіне ақылы сай ма?

Өрімдей жастар, қала берді біреуінің бойында, сыртқы көрінісін айтамын, мін жоқ. Тіпті, актер деп ойларсың. Бәлкім, солай да шығар?! Міне, солар шынайы өмірде, бағдарламаның араласуынсыз-ақ жігіт, қыз таппай қалар дейсіз бе?! Сонда діттеген меже не? Танымалдық болар? Мұндай танымалдықтың кімге қандай пайдасы бар?! Әлде ұсақталып бара жатқандығымыздың белгісі ме бұл? Өкінішті, егер солай болса жауабы.

Елді шулатқан шоуды тамашалайтындардың қатары көп. Тіпті, интернет желісіндегі жарнамалардың өзі «Қалаулымнан» құралған. Айқай-шудың ортасы қарапайым қазақтың, қаймағы бұзылмаған жайсаң халықтың қалпын бұзып тұр. Елдің сиқын бұзған жастардың «қайдан ғана бұзылды сартша сырты?»