Bugin

"Шерзаттың өлімі. Су тасқыны. Қайырымсыз қорлар": 2024 жылы несімен есте қалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz

Қазақстандықтар үшін 2024 жыл тосын жаңалықтарға толы болды. Қайғылы оқиғалар халықтың санасында қалды. Bugin.kz порталы бір жыл бойы таратқан еліміздегі маңызды жаңалықтарды қорытындылайды. 

Павлодардағы апат

Жыл басы “Майқайыңалтын” кенішіндегі апатпен басталды. 4 қаңтар күні сағат 01:25 шамасында “Май­қайыңалтын” АҚ аумағында, алтын кеніші шахтасының жанындағы тазарту кеңістігінде жер опырылып, құтқарушылар мінген автовус жер астына түсіп кетті. Апат кезінде автобуста 4 адам болған. Олар – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орта­лық штабы Павлодар филиалының 3 құтқару­шысы мен көлік жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ. Кейін жер астынан құтқарушылардың денесі табылды. 6 айдан аса уақыт өткеннен кейін Павлодар облысындағы автобус апатынан жоғалған соңғы құтқарушының денесі табылды. 

Алматыдағы жер сілкінісі 

Жыл басы алматылықтардың тыныш ұйқысын бұзды. 23 қаңтарда Алматыда көпті дүр сілкіндірген 5 баллдық жер сілкінісі болды. Алматылықтар 00:09-да жер қатты сілкінгенін сезді. Бұған дейін тұрғындар мұндай құбылысты сезбегендерін айтып, сол түні халық эвакуацияланды. Сол түні жер сілкінгеннің салдарынан Алматы облысында 188 нысанның қабырғалары жарылып кеткені белгілі болды. 

Алматыдағы қатты сезілген екінші жер сілкінісі 4 наурыз сағат 11:22 кезінде болды. Алматылықтар ғимараттардан шығып, көшеде кептеліс болды. 
 

Өртке оранған сәбилер 

2024 жылы 23 ақпанда кешкі сағат 18.00 шамасында Қарқаралы ауданы Аманжолов ауылындағы жер үйден өрт шығып, қараусыз қалған төрт бала көз жұмды. Алдын ала мәлімет, ата-аналары көршілеріне кеткен. Өрт сөндірушлер үйден 4, 3, 2 жастағы үш ұлдың және бір қыздың денесін алып шықты. 

Биыл қарашаның 17-сі күні Астанада екі қабатты үй өртеніп, 4 бала мерт болды. Қалалық ТЖД мәліметінше, балалар 2011, 2015, 2021 және 2022 жылы туған. 

Қостанай облысының Жітіқара қаласында 11 қазан таңғы сағат 04.29-да жеке тұрғын үйден өрт шығып, шатыры опырылып түсті. Құтқарушылар келіп жеткенінше үй толық отқа оранып, оқиға орнынан өкінішке қарай 5 баланың денесі табылды. Белгілі болғаны, түнде үйде 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған кәмелетке толмаған балалар қараусыз болған. 

1 желтоқсан күні Ақмола облысында жеке үйден өрт шығып, соның салдарынан екі бала уланып өлген. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдай департаменті хабарлады.

“Бұланды ауданы Шұбарағаш ауылындағы жеке үйдің үш шаршы метр аумағында өрт болған. Жану өнімдерінен 2017 және 2021 жылғы екі бала уланып өлген. Төтенше жағдай департаментінің шұғыл желісіне қоңырау түспеді. Өртті куәгерлер сөндірген" -деп жазылған хабарламада.

Біріңғай уақыт белдеуі

1 наурыздан бастап Қазақстан толық 5-уақыт белдеуіне (UTC+5) көшті. Осылайша 1 наурызда Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жергілікті уақытты бір сағат артқа жылжытты. 

Мұны сауда және интеграция министрлігі халық денсаулығына пайда деп түсіндірді. Премьер-министр Олжас Бектенов бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешім өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданғанын айтып, халықтың бұл шешімге келісуін сұрады. 

Бірыңғай уақыт белдеуін алып тастау туралы петицияға 50 мың адам қол қойды. Заңға сәйкес, оны үкімет қарады, бірақ шешімді өзгертпеді.

Көктемгі су тасқыны 

Биыл көктемде Қазақстанда соңғы 80 жылдағы ең ірі  су тасқыны болды. Наурыз айынан 10 сәуір аралығында Қазақстанның 17 облысының 10-ында төтенше жағдай жарияланды. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытауда су тасыды.

Атырауда, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары жағдай өте мүшкіл болған еді. Су тасқыны салдарынан үйлерді су алып, тұрғындар қонысынан айырылды. Бірақ аз уақыт ішінде Үкімет үйін су басқан қазақстандықтарға жаңа үйдің кілтін табыстады. Осы оқиғадан кейін елде Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметі қатаң бақылауға алынды. Жаңа су қоймаларын салу жоспарланды. 

Алматыдағы автобус апаты

2023 жылдың 22 желтоқсанында қоғамдық көлікті тізгіндеген әйелді жолаушы азамат жұдырықтап, басқарусыз автобус аялдамада тұрған үш адамды басып өткен. Жүргізушіні соққыға жыққан 33 жастағы жігіт бірден қамауға алынған. Қаза болғандардың екеуі ерлі-зайыпты болып шықты. Олар жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан екен. 

Биыл 26 сәуірде сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Қуандық Бишімбаевтың соты

Биыл 13 мамырда Астана қалаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот отырысы өтті.

Соттың шешімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.

Тәуіптің таяғы 

Биыл жаз мезгілі бастала салысымен қорлықта өмір сүріп жатқан балалардың тағдыры арашаланды. Шымкентте Ұлықбек Сманов алты баланы асырап алып, оларды азаптағаны белгілі болды. Ер адам балаларға зәр ішкізіп, нәжіспен тамақтандырған, ауыздарына аттың ауыздығын салған. 

Ер адам емшілікпен айналысқан. Ал бұрын мектепте ән-күй пәтінен сабақ беріпті. Желіде оның адамдарды  “емдеген” видеолары тарады. Кейіннен оның адам өлтіргені белгілі болды. 

Шерзат пен Нұрқанаттың өлімі 

4 қазанда Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат мерт болды. Жанжал сыра үшін басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Оқиға орнында бір топ ер адам 16 жастағы жігітті пышақтап кетті. Жасөспірім ауруханада көз жұмды. “Баланы өлтіру” бойынша қылмыстық іс қозғалды. 11 адам ұсталды.

Бірнеше күннен кейін марқұм Шерзаттың үйі өртеніп кетті. Полиция әлі күнге дейін күдіктілерді таппады. Осыдан соң олардың отбасын ұлттық ұлан күзететін болды. 

Шудан кейін Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры, Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары, Хасанның бауыры Талғар ауданының әкім аппаратының басшысы қызметінен босатылды.

Бірақ біршама уақыттан кейін, күдікті деп танылған жігіттердің ата-анасы видеоүндеу жасап, Нұрқанат Ғайыпбаевтың(Шерзаттың ағасы) да жауапқа тартылуын сұрады. Көп өтпей, 8 желтоқсанда Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. 

10 желтоқсан Нұрғанаттың жерлеуінен кейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов журналистердің келуін талап етті. Қоғамдық ортада ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды. 

Қаржаубай Нұрымовтың әпкесі Бақыт Реймова “Митингке шақыру” бабы бойынша 15 тәулік қамауға алу және елден депортациялау жазасына кесілді.

Туған қарындасы Салтанат “Бұзақылық” бабы бойынша 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл төледі. Күйеубаласы да 15 тәулікке қамалды. 

Одан бөлек Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Полиция мәліметінше, ол полиция көлігінің дөңгелегін жарғандықтан, “Бөтеннің мүлкін бүлдіру” бабымен іс тергеліп жатыр. 26 желтоқсан күні кешке Қаржаубай Нұрымов және Бақыт Реймова бостандыққа шықты. 

Қайырымсыз қорлар 

BizBirgemiz қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілініп, 2 айға қамауға алынды. Одан кейін  Палестинаға жиналған қаражаттан тағы 200 миллион теңге жымқырған деп айтылды.

Агенттіктің мәліметінше, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылған. Биыл көктемде ол елордадағы автосалоннан 88 миллион теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 миллион теңгеге "Lexus LX-600" және 39 миллион теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды. 20 желтоқсан күні Перизат Қайраттың анасы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның анасы қайырымдылық қордан қаражат шығаруға көмектескен болуы мүмкін деген күдікке іліккен. 

Ақтаудағы ұшақ апаты

25 желтоқсан күні Баку-Грозный бағытындағы ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады. Апаттың негізгі себебі — Ресей зымыраны. Алдын ала тергеу мәліметі бойынша, Грозный қаласы үстінде ұшқан реселік зымыран Ақтаудағы апаттың себебі болған. Зымыран 8432 рейсіне Грозный үстінде ұшып бара жатқан кезде атылған, оның қалдықтары ұшақтың жолаушылары мен экипажын зақымдап, ұшақтың қасында жарылған.

Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам көз жұмды. Оларлың арасында 6 қазақстандық та бар. Қаза болғандардың дені Әзірбайжан азаматтары. Мерт болған 21 жолаушы мен 3 экипаж мүшесінің денесі 29 желтоқсан күні Отанына жөнелтілді. 

Ұшақ апатынан зардап шеккен Ресей және Әзербайжан азаматтары өз елдеріне жеткізілді. Қазір ауруханада қалған науқастардың саны - 6. Оның төртеуі реанимацияда жатыр.