Bugin
Фото: freepik.com
2025 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өзгеріп, жәрдемақы мен зейнетақы өседі, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Жаңа жылда АЕК 3932 теңге болып бекітілді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 3692 теңгені құрайды. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 3 мың теңгеге жетер-жетпес артып, 43 407 теңгеден 46 228 теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн қолданылады.
2025 жылдың 1 қаңтарынан ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, ал әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5%-ға индекстеледі.
Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері 32 360 теңге деп бекітілген.
Ал ең төменгі зейнетақы мөлшері – 62 771 теңге. Жыл сайынғы индексацияның нәтижесінде 2025 жылы ең төменгі зейнетақы: 95 131 теңге болса, ең жоғарғысы 213 046 теңгені құрайды.
Жалпы 2025 жылы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге 4,2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Соның ішінде жасы мен еңбек өтіліне байланысты төлемдерге 2,86 трлн теңге жұмсалса, базалық зейнетақы ретінде 1,36 трлн теңге төленеді.
Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы да өседі.
Мүгедектігі бар азаматтарға төленетін төлем көлемі де артады.
Қазақстанда жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне байланысты есептеліп, жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес қайта қаралады.
Жалпы ауру бойынша:
I топ: 101 702 теңге;
II топ: 81 362 теңге;
III топ: 55 474 теңге алатын болады.
Бала кезінен мүгедектік бойынша:
I топ: 101 702 теңге;
II топ: 84 598 теңге;
III топ: 74 428 теңге деп бекітілген.
Қазақстанда 1 қаңтардан бастап айыппұл да өседі. Жыл басынан айлық есептік көрсеткіш өсетіндіктен, салынатын айыппұл көлемі де артады. Жүргізушілердің жол ережесін бұзғаны үшін арқалайтын айыппұлы да қомақты болмақ. Айталық, патруль талабын орындамағандарға 158 мың теңге айыппұл салынады. Егер жүргізуші тағы жол полициясының талабын орындамаса, жүргізу куәлігінен 5 тәулікке айырылады.
Жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен көлік иесін 60 мың теңге көлесінде айыппұл тосады. Одан бөлек, бағдаршамның қызылына өтіп кетсе, 39 320 теңге(10 АЕК), екінші рет қайталаса 58 980 теңге (15 АЕК) төлейді.