Bugin
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: инстаграм/ nemolchikz_official
Ақтауда бойжеткенді 5 жігіт зорлап, есірткі берген. Әрі оның атына несие рәсімдеген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл туралы ақпарат nemolchikz_official инстаграм парақшасында тарады. Мәліметтерге сүйенсек, оқиға 2024 жылдың мамыр айында болған. Ал 2024 жылдың соңында марқұм қыздың туыстары сот шешіміне келіспейтінін айтып, құқық қорғаушылардан көмек сұрап жатыр. Олардың айтуынша, сот шешімі бұрмаланған көрінеді.
Бойжеткен спортпен айналысып, фитнес-тренер болып қызмет істеген. 14 мамыр күні түнде жұмыстан қайтып жатқан қызды бір топ ер адам көлікке қинап отырғызған. Оған мефедрон беріп, қызды көлік ішінде зорлаған. Қызды таңға дейін зорлаған жігіттер, оның телефоны арқылы 2 млн теңге несие рәсімдеп, қалталарына басқан. Зорлаушылардың бірі қызды қалаға алып келіп, болған оқиғаны біреуге айтса “өлтіретінін” ескерткен.
Бойжеткен болған оқиғаны құрбысына айтады. Ал құрбысы барлық жағдайды дереу оның ағасына жеткізген. Қыздың ағасы оған хабарласып, полицияға арыз жазу керегін, істің соңына дейін жанында болатынын айтып қолдау білдірген. Қыз келіскендей болған. Бірақ бірнеше минуттардан кейін қыз құрбысының көзінше 9-қабаттың терезеден секіріп, мерт болды. Енді жазықсыз мерт болған қыздың туыстары сот шешіміне келіспейді.
Бас зорлаушыға прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Қалған төртеуі 15-16 жылға сотталуы керек еді.
Прокуратура оларды зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, есірткі заттарын қолдануға көндіру, есірткі заттарын заңсыз пайдалану, заңсыз бас бостандығынан айыру, адам ұрлау, бопсалау баптарымен айыптады.
Бірақ судья сот процесінде айыптауларды қайта жіктеді. Судья қыздың өлімін зорлықпен байланыстырмады. Ол өлімнің зорлық болғаннан кейін 3 күн өткен соң болғанын алға тартты. Қыздың өзі терезеден секіріп, мерт болғанын айтты.
Қыздың отбасы апелляциялық шағым түсірді.